KazNARU СТУДЕНТТЕРІНЕ АРНАЛҒАН АУЫЗАШАР
Қастерлі Рамазан айының 17 наурызында алаш азаматы, белгілі кәсіпкер Опабеков Жұмакелді Сарсенханұлы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің 2000 білім алушысына ауызашар ұйымдастырды.
Өзі де кезінде ауылда туып, Алматыда жоғары білім алған, кейін кәсіпкерлік салада үлкен табысқа жеткен бұл азамат үлкен қаладағы студенттік өмірдің қызығы мен қиындығын бір адамдай біледі. Студенттік жатақханаларда негізінен ауылдан келген жастар тұратындықтан, ешқайсысын бөліп-жармай, оларға ағалық қамқорлық көрсетуі көпке үлгі-өнеге екені анық.
Баршаны береке-бірлікке шақыратын, ауызбірлікке бастайтын, бүкілхалықтық сыйластықты арттыратын бұл игі дәстүр елімізде кеңінен тойланып жатқан Наурызнама онкүндігіне тұспа-тұс келді.
Ал, қасиетті Рамазан айының басталуында университетіміздің басшылығы атынан Басқарма Төрағасы-Ректордың инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Сұлтанғазиев Қуат Елеусізұлы студенттерге «ауыз ашар» дастарханын жайған еді. Міне, сол дәстүрді кәсіпкер меценат жалғастырып, студенттік жатақханаларында тұратын барлық студенттер арнайы дайындалған палаудан дәм татқызып, өзінің ақ ниетін білдірді.
Адамдардың бір-біріне жанашырлық, пен бауырмашылдығын көрсетіп, ізгі ниеттері мен амалдарын жасайтын өнегелі істері қоғамымыздағы жастарға бірлік пен сыйластық, үйлесімділік пен рухани құндылықтар аясында тәлім-тәрбие береді.
Еліміздің ертеңгі болашағы саналатын студенттер ауызашар жасап, ақ көңілден дәм ұсынған атымтай жомарт жан Жұмакелді Сарсенханұлына өз ризашылықтарын білдірді.
KazNARU Баспасөз қызметі