«Nauryz - Fest» факультетаралық студенттер жарысы өткізілді
18 наурыз 2025 жылы университет қабырғасында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінің қарсаңында «Nauryz - Fest» факультетаралық студенттер жарысы өткізілді. Наурыз мейрамы - көктем мейрамы және Орталық Азия халықтарының Жаңа жылы. Бұл мереке бірнеше мың жылдан бері аталып келеді.
Күн мен түннің теңеліп, жан-дүниені тірілткен, шаруаның бір малы екеу болып, арқа-басы кеңіп, аққа аузы тиген, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген Наурыз мерекесі Тәуелсіз еліміздің зор ықыласпен тойланатын нағыз халықтық сипаттағы салтанатына айналды. Осы салтанатты мереке аясында университетіміз бір апталық күнтізбе бойынша әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырып жатыр. «Nauryz - Fest» сондай іс-шараның бірі болып табылады.
Жарысқа үш факультеттің 100 астам студенттері қатысып, ұлттық тағам, ұлттық ойын, ұлттық киім, ұлттық қолөнер және ұлттық өнер номиннациялары бойынша бәсекеге түсті. Жалпы білім беру пәндері оқытушылары мен Жастар саясаты бөлімінің қызметкерлерінен құралған қазылар алқасы әр кезең бойынша топтарға қазақша, ағылшынша және орысша сұрақтар қойып, студенттердің ұлттық мәдениет жайлы білімдерін анықтады.
Жарыс нәтижесі бойынша бес номинация иелері анықталып, сертификаттармен және сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушы – Жалпы білім беру пәндері кафедрасы.