Абай даңғылы бойында Абай әндері шырқалды
Наурызнама онкүндігі аясында өткен ерекше шара - Абай даңғылы бойында ақын әндерін 5 мыңнан астам адамның хормен орындауы болды. Наурыз мерекесі мен Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай қала әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен бұл шараға біздің университеттің 300-ге жуық студенті белсене қатысты.
Хорға қатысқан танымал өнер және мәдениет қайраткерлері, Б.Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласының ұжымы, жоғары оқу орындарының студенттері, қала тұрғындары Абай даңғылы бойында ақынның «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» әндерін орындады. Іс-шара биылғы Абайдың мерейтойлық жылына кіріспе шара іспеттес болып, ақынның мұрасына деген үлкен құрмет пен ұлттық бірліктің көрінісіне айналды.
"Университетіміз Абай даңғылы бойында, осы жерге жақын орналасқандықтан біз Республика сарайындағы, Абай алаңындағы, Абай ескерткіші жанындағы түрлі мәдени, рухани іс-шараларға жиі келіп тұрамыз. Сондықтан бүгін де осындай іс- шараға қатысып, ұлы Абайдың мұрасын дәріптеушілер қатарынан табылғаныма қуаныштымын» дейді «Орман шаруашылығы және жер ресурстары» факультетінің 3 курс студенті, белсенді жастарымыздың бірі Төлеутай Мадина.
Естеріңізде болса, университетте жуырда Абайдың 180 жылдығына арналған «Абай - әлем тілдерінде» атты мәнерлеп оқу байқауы жарияланған болатын. Байқау студент жастардың арасында ұлы Абай шығармаларын насихаттау, олардың шетел тілдерін үйренуге ынтасын арттыру мақсатын көздейді. Байқаудың шешуші туры сәуір айының екінші онкүндігіне жоспарланып отыр.
KazNARU Баспасөз қызметі.