KazNARU

ЖАҢҒЫРҒАН ҚазҰАЗУ-дың ЖАҢА СТУДЕНТТЕРІНЕ АҚ ЖОЛ

Бүгін Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде 1 қыркүйек – Білім күніне орай, Басқарма Төрағасы-Ректор, ҚР ҰҒА Вице-президенті Ақылбек Күрішбаевтың қатысуымен жаңадан қабылданған бірінші курс студенттері үшін дәстүрлі салтанатты жиын болып өтті. 

Жиынға университеттің профессор-оөытушылық құрамы, ардагер ұстаздар, декандар мен кафедра меңгерушілері, студенттер мен олардың ата-аналары қатысты.

✅  Университет басшысы Ақылбек Күрішбаев жүз жылға жуық бай шежіресі бар, еліміздің жетекші жоғары оқу орнының студенті атанған бірінші курстық өрендерді құттықтай келе, қазіргі таңда білім мен ғылымның сипаты мүлде өзгергенін және жаңа оқу жылында үлкен міндеттер мен жоспарлар тұрғанын атап өтті.

Бүгінде халықаралық талаптарға сай ҚазҰАЗУ жүйесіне 6 ірі ғылыми-зерттеу институты мен бір тәжірибелік шаруашылық қосылып, нағыз ғылыми зерттеу оқу орнына айналды. Университет институционалдық білім беру моделіне көшті: ҒЗИ – ЖОО – тәжірибелік шаруашылық, яғни ғылыми зерттеулер – кадрлар дайындау – өндіріс. 

✅  «Құрметті бірінші курс студенттері! Осылайша сіздер ең алғашқы болып, ғылыми-зерттеу институтының қабырғасында және эксперименттік өндіріс жағдайында заманауи білім аласыздар және студенттік кезеңнен бастап ғылыми жұмыстармен айналысатын боласыздар. Бұл дамыған елдердің ең үздік тәжірибесі.  Сондай-ақ, біздің университетте білім культі маңызды болуына көңіл бөлеміз. Халқымызда «Әділ сөз бен әділ іс – ақ семсердің қос қырындай» деген нақыл сөз бар. Басты мақсатымыз – әділетті университет құру. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді аталарымыз. Сол алтын ұямыздың шын мәнісіндегі рухани тазалығы мен ашықтығы үшін күш саламыз», - деді Ақылбек Қажығұлұлы.

✅  Жаңа Қазақстанның болашақ кадрларына сапалы білім мен саналы тәрбие беру – ең абыройлы міндет екенін профессор-оқытушы құрамы мен барша ұстаздар да құптайды. Жаңа оқу жылында ҚазҰАЗУ бірінші курсына жаңадан 1620 студент қабылданды. 

«Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 12 пайызға көп. Бірақ, біздің негізгі көздегеніміз – білім алушыларың саны емес, оқу бағдарламасының сапасы! Биылғы жыл үшін оқу процесінде үлкен бетбұрыс жылы болу керек. Қазіргі күні академиялық бағытта бірқатар оң өзгерістер қолға алынды» деген университет басшысы  цифрлы университет құру жұмыстары басталғанын айтып өтті. 

✅  Тұңғыш рет коммуникациялық технология арқылы оқытудың жаңа форматы – онлайн оқыту жүйесі енгізілді. Сондай-ақ, алдағы уақытта әлемнің озық ЖОО-ларында бір мезгілде қатар оқып, екі диплом алу мүмкіндіктері ашылды.

Биылғы оқу жылы университетіміздің дамуындағы айтулы жаңа кезең, жаңа белестер болатынына сенім мол. 
Университетіміздің бұрынғы дәуірлеген даңқын қайтаруға шақырамыз!

✅ Ақ жол сіздерге, құрметті бірінші курс студенттері!

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник