KazNARU

ҚАЗАҚСТАН ҚХР ШАНЬДУН ПРОВИНЦИЯСЫМЕН АГРОСЕКТОР САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚСТЫҚТЫ ДАМЫТПАҚ

2023 жылғы 03 қыркүйекте Алматы қаласында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылық министрі Ербол Қарашөкеев пен Қытай Халық Республикасы Шаньдун провинциясы ҚКП партия ұйымының хатшысы Линь У арасындағы кездесу болып өтті.

✅  Кездесуге ҚХР Шаньдун Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының партком хатшысы Лян Цзиньгуан және ҚР ҰҒА Вице-президенті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы - Ректор Ақылбек Күрішбаев, С.Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық технологиялық университетінің Басқарма Төрағасы - Ректор Қанат Тіреуов, ҚХР-дың Алматыдағы Бас консулы, мемлекеттік атқарушы органдардың, ғылыми-зерттеу мекемелерінің және бизнес құрылымдардың басшылары қатысты.

✅  Шаньдун – Қазақстанмен сауда көлемі бойынша ШҰАР, Пекин және Ганьсу провинцияларынан кейінгі төртінші провинция болып табылады. Өткен жылы тауар айналымы 2 млрд долларды құрады. 

«Қазақстан агросекторда ҚХР-дың Шаньдун провинциясымен ынтымақтастықты дамытуға ниетті. Бұл көрсеткіш одан ары өсуі мүмкін, өйткені Қазақстан жоғары сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерінің кең ассортиментін ұсынуға дайын. Республиканың астықты жыл сайын жеткізу көлемін 1 млн тоннаға дейін ұлғайтуға, сондай-ақ ҚХР-ға салқындатылған ет өнімдерін сатуға әлеуеті бар", - деді министр Ербол Қарашөкеев.

✅  Сол күні Алматыдан алғашқы 1.3 мың тонна қазақстандық астық жаңа контейнерлік жүк пойызымен Цзинань қаласына жөнелтілді. Бұл айтулы оқиға Алматыдағы Бурундай станциясында Шаньдун қалыптастыру орталығының ашылуына себеп болады.

✅  Сондай-ақ, АӨК-дегі Қазақстан мен Шаньдунның бірлескен ғылыми қызметінің тараптары мен мәселелері талқыланды.  АШМ басшысы еліміздің жұмыс істеп тұрған аграрлық университеттері мен олардың жұмыс бағыттары туралы айтып берді.

✅ «Бүгін біз жиын өткізіп отырған ҚазҰАЗУ еліміздің оңтүстік өңіріндегі өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығын дамыту жөніндегі құзіретті ғылыми Орталық болып белгіленді. Университетке селекция және бастапқы тұқым шаруашылығы, топырақтану және агрохимия, АӨК экономикасы, қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі, сондай-ақ Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстары үшін қант қызылшасы, соя, дәнді дақылдар сорттарын дамытуды қамтамасыз ету сияқты ғылыми сүйемелдеу мәселелері бекітілген», - деп атап өтті Ербол Қарашөкеев. 

✅  Министрдің айтуынша, биыл Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен бастапқы тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі Кешенді жоспардың жобасын әзірледі, оның негізгі міндеті өнімділігі жоғары жаңа буынның бәсекеге қабілетті сорттарын құру болады. Сонымен бірге, министр еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласына көп көңіл бөлетінін ескере отырып, Қытай бизнесмендерін Қазақстан аумағында бірлескен қайта өңдеу кәсіпорындарын ашуға шақырды.

✅  ҚазҰАЗУ басшысы Ақылбек Күрішбаев өз сөзінде академиялық ұтқырлықты дамыту, профессор-оқытушылар құрамының, ҒЗИ ғалымдарының қытайлық серіктестермен ғылыми тағылымдамалар аясындағы ынтымақтастығын кеңейту қажеттігін атап өтті.

«ҚазҰАЗУ қытайлық ғылыми-білім беру мекемелерімен, соның ішінде, Қытай аграрлық университетімен (Пекин), Хэнань ауылшаруашылық университетімен, Лан Джоу ветеринарлық ғылыми зерттеулер институтымен және т.б. ұйымдармен бірлескен білім беру бағдарламаларын табысты жүзеге асыруда. Университетіміздің базасында «Қазақ-Қытай орталығы құрылды». Енді Шаньдун ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясымен байланыс орнатсақ ҚазҰАЗУ-дың озық қытай технологияларына бағдарлануын күшейтуге, технологиялар мен инновациялардың перспективалы коммерциялық нарығына шығуға ықпал ететіні сөзсіз», - деп атап өтті Ақылбек Қажығұлұлы. 

✅  Өз кезегінде Шаньдун Ауыл шаруашылығы ғылым академиясы Партия комитетінің хатшысы Лян Цзиньгуан академияның ғылыми-зерттеу әлеуеті туралы егжей-тегжейлі айта келіп, бірқатар жобаларды бірлесе жүзеге асыруды ұсынды.

«Біз сондай-ақ жоғары білім беру, ауыл шаруашылығы ғылымы саласындағы инновациялық және технологиялық жетістіктеріңізбен алдын ала жақсы таныстық. Сондықтан біз сіздермен ынтымақтастықты кеңейтуге, ғылыми-зерттеу саласында тәжірибе алмасуға дайынбыз", - деп атап өтті Лян Цзиньгуан. 

✅  Кездесу аясында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен Шаньдун ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы арасындағы Меморандумға қол қойылды. Тараптар ауыл шаруашылығы ғылымын жаңғырту, профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылардың академиялық ұтқырлығын қамтамасыз ету, бірлескен ғылыми-зерттеу орталықтарын құру және т.б. бірлескен зерттеулер мен әзірлемелер жүргізуге уағдаласты. 

Күншығыс елінен келген қонақтар ҚазҰАЗУ-дың ғылыми-инновациялық инфрақұрылымымен танысып, университеттің ғылыми-зерттеу жетістіктерін жоғары бағалады.

ҚазҰАЗУ баспасөз қызметі.




---------Chatbot---------
виртуальный помощник