ҚазҰАЗУ мен ПАХАНГ УНИВЕРСИТЕТІ (UMPSA, МАЛАЙЗИЯ) ЕКІ ДИПЛОМДЫ БАҒДАРЛАМА ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары, в.ғ.д., профессор Пірімқұл Ибрагимов Малайзияның Аль-Сұлтан Абдулла Паханг университетінің Вице-канцлері, профессор, др. Юсерри Бин Заинуддин бастаған делегацияны қабылдады.
Кездесуге Паханг университеті тарапынан Өндірістік ғылым мен технологиялар факультетінің аға оқытушысы, профессор др. Сайффул Камалуддин бин Музакир Локман, осы факультет деканының оқу және студеттер жөніндегі орынбасары, профессор, др. Мохд Фазли бин Фарида Асрас және ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы – Ректордың орынбасары, э.ғ.к. профессор Айнұр Қайырбаева, факультет декандары мен кафедра меңгерушілері қатысты.
Кездесуді ашып, жүргізген Пірімқұл Ибрагимов аль-Султан Абдулла Паханг университеті ҚазҰАЗУ үшін бұрыннан әріптес жоғары оқу орны болып саналатынын және бүгінгі бас қосу соның жалғасы екенін атап өтті.
«Біз білім және ғылым саласындағы екіжақты қатынастарды дамыта отырып, «Биотехнология» білім беру бойынша бакалавриатта оқитындарға екі дипломды бағдарламаны жүзеге асыру туралы Меморандумға қол қоюды жоспарлап отырмыз. Бұл бірлескен бағдарлама қазіргі ауыл шаруашылығын технологиялық тұрғыдан дамытуда елеулі үлес қосатын білікті мамандар даярлауға серпін береді деп сенеміз. Сондай-ақ, Малайзияның ең беделді Паханг университетімен екіжақты ынтымақтастық ауқымды халықаралық ғылыми жобаларды жүзеге асырудың зор мүмкіндігі болып табылады деп есептейміз», - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.
Өз кезегінде профессор, др. Юсерри Бин Заинуддин 2002 жылы құрылған Малайзия Паханг университеті мемлекеттік коммерциялық емес ірі жоғары оқу орны екенін таныстырып өтті. QS-үздік университеттердің халықаралық рейтингісінде 789 орын иеленген университет инженерия мен технологиядағы, жаратылыстану ғылымдарындағы ең үздіктердің қатарына кіреді.
«Паханг университеті Малайзиядағы 19 мемлекеттік университеттердің тізіміне кіретін инженерлік, технологиялық бағдарламалар мен зерттеулердің жетекші провайдері болып табылады. Университеттің Пекан, Гамбанг аталатын екі кампусы және 7 факультеті бар: механикалық инженерия, электрика және электронды инженерия, азаматтық инженерия және жер ресурстары, химиялық және табиғи ресурстар инженериясы, өнеркәсіптік ғылымдар мен технологиялар, компьютерлік жүйелер және бағдарламалық жасақтама, өндірістік инженерия және технологиялық менеджмент. Біз сіздермен байланысты жаңа бағытта дамтыуға бар потенциалымызды пайдаланамыз», - деді профессор Юсерри Бин Заинуддин.
Кездесу барысында малайзиялық қонақтар ҚазҰАЗУ-дың құрамында 7 ҒЗИ, 8 инновациялық орталық, 49 зерттеу лабораториялары бар АгроХаб, «Зооинженерия және тамақ өндірісінің технологиясы» факультеті, «Өсімдіктер биологиясы және биотехнология институты» РМК қызметтерімен таныпыс, оқу ордасының ғылыми-зерттеу әлеуетіне жоғары баға берді.
ҚазҰАЗУ баспасөз қызметі