KazNARU

ҚазҰАЗУ ӘСКЕРИ КАФЕДРАСЫНА ЖАҢА БАСШЫ КЕЛДІ

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма төрағасы - Ректоры, ҚР ҰҒА Вице-президенті Ақылбек Күрішбаев Әскери кафедраның жаңа меңгерушісі, отставкадағы полковник Әділбеков Еркін Қорабайұлын ұжымға таныстырды.

✅ Еркін Әділбеков 1973 жылы туған, бұған дейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Әскери кафедра оқытушысы, ҚР Құрлықтағы әскерлер Әскери институтының аға оқытушысы, Тұңғыш Президент атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің арнаулы дайындық факультеті басшысының орынбасары сияқты жауапты лауазымдарда қызмет атқарған тәжірибелі әскери маман. Ұлттық қорғаныс университетінің докторантурасын бітірген, PhD философия докторы.

✅  «Студент жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру ісі, еліміздің Қарулы Күштеріне запастағы офицерлер мен сержанттар құрамын дайындау – бұл ел Тәуелсіздігін берік қорғайтын, Отанға қалтқысыз қызмет етуді басты мұраты деп білетін патриот тұлғаның қалыптасуындағы маңызды буын болып табылады. Құрылғанына биыл 77 жыл толып отырған біздің Әскери кафедра осы уақытқа дейін 60 мыңнан астам запастағы офицерлер мен кіші командирлер (сержанттар) дайындап шығарды. Орталықта студенттер үшін «Айбын» әскери-патриоттық тәрбие клубы жұмыс істейді. Өте тәжірибелі басшының жетекшілігімен осыған дейін қалыптасқан берік дәстүрлерді жалғастыруларыңызға сәттілік тілеймін», - деді университет ректоры Ақылбек Қажығұлұлы.

✅ Бүгінде Әскери кафедраның иелігінде 2 оқу корпусы, 732 курсантқа арналған 20 арнайы жабдықталған аудитория мен жауынгерлік оқытуға арналған заманауи көлік және бронетанктік техника, азық-түлік қызметінің техникасы мен жауынгерлік оқу қарулары бар. Курсанттар кафедрада 9 әскери мамандық бойынша оқытылады. Атап айтқанда: «Қарулы Күштердің жауынгерлік іс-қимылдарын инженерлік қамтамасыз етуді ұйымдастыру»; «Азық-түлік қамтамасыз етуді ұйымдастыру»; «Тамақ өнімдерінің технологиясы және тауартану»; «Ветеринариялық қамтамасыз етуді ұйымдастыру»; «Қызметтік ит өсіру» т.б. мамандықтарын меңгеріп шығады. 

✅ Жиын соңында университет басшысы ҚР Қарулы Күштеріне запастағы офицерлер мен сержанттар құрамын дайындауда ерекше үлес қосқан тәлімгер ұстаз, Әскери кафедраның бұрынғы меңгерушісі, отставкадағы полковник Дюсембаев Бастеми Жантемірұлына Алғыс хат тапсырып, иығына шапан жапты.

ҚазҰАЗУ баспасөз қызметі.
 


---------Chatbot---------
виртуальный помощник