ИНЖЕНЕРЛЕР МЕН IT МАМАНДАРЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ ЗОР
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Ұлттық ғылым академиясында жас ғалымдармен кездесуде шикізатқа арқа сүйеп отырған ел алысқа бармайтынына назар аударып, бізге озық ойлы ғалымдар мен білікті инженерлер, өнертапқыштар өте қажет екенін атап өткен болатын.
Осы тапсырманы жүзеге асыру аясында белгілі ғалым, академик, ҚР ҰҒА Президенті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы - Ректоры Ақылбек Күрішбаев басқаратын оқу ордасы цифрландыру, энергетика, машина жасау, өндірістік-техникалық пайдалануды ұйымдастыру және басқару, ауыл шаруашылығы салаларына IT-мамандарын даярлау секілді маңызды міндеттерді жүйелі жүзеге асырып келеді.
Бұл ретте «Инженерлік–техникалық» факультеттің инженерия және техникалық ғылымдар саласындағы білім беру бағдарламаларын оқыту бойынша 5 ғылым докторы, 37 ғылым кандидаты, 8 PhD, 42 ғылым магистрі қызмет атқарады. Факультетте И.В. Сахаров атындағы машина пайдалану; Аграрлық техника және механикалық инженерия; IT–технологиялар және автоматтандыру; ㅤЭнергияны үнемдеу және автоматика сияқты 4 кафедра бар.
Факультетте заманауи техникалық құралдармен және компьютерлік технологиялармен жабдықталған оқу-зертханалық және ғылыми-зерттеу аудиториялары оқу мен зерттеу жұмыстарын жүргізу, білім алу үшін барлық мүмкіндіктер қамтамасыз етілген.
Бүгін факультеттің 2023-2024 оқу жылында 13 білім беру бағдарламасы бойынша 318 бакалавр, оның ішінде 15 түлек үздік дипломмен аяқтап шықты. Жас мамандарға Құттықтау сөз арнаған KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары, в.ғ.д. Пірімқұл Ибрагимов басшылықтың атынан бітірушілерге оқу ордасының Дипломдары мен Алғыс хаттарын тапсырып, сәт сапар тіледі.
Диплом алған барлық түлектерді қуаныштарымен шын жүректен құттықтаймыз және жаңа өмір жолында кәсіби табыстар тілейміз!
KazNARU Баспасөз қызметі.