Атақұлов Тастанбек Атақұлұлы 80 жаста!
Бүгін, 2024 жылдың 05 желтоқсанында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің байырғы түлегі, қазіргі уақытта осы оқу ордасының ұстазы, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының академигі Атақұлов Тастанбек Атақұлұлы 80 жасқа толып отыр!
«Тұтас ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге, ағартушылыққа арнаған, еліміздің өркендеуіне ерекше үлес қосқан, отандық аграрлық ғылымның көшін бастаған бірегей тұлғаның бірі – Атақұлов Тастанбек Атақұлұлы. Ол 1972 жылы өзіміздің қара шаңырақ, Қазақ ауылшаруашылық институтының агрономия факультетін үздік бітіріп, аспирантураны сәтті аяқтаған соң бүгінге дейін үзіліссіз, университетімізде абыройлы еңбек етіп келеді. Сонымен бірге «Агрономия, селекция және биотехнология» кафедрасының профессоры ретінде суармалы жерлерді қарқынды пайдалану бағытында өзінің ғылыми жұмыстарын жалғастырып келеді. Бүгінгі 80 жылдық мерейтойында біз профессор - ғалымға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, ғылыми - ұстаздық қызметіне табыс, жетістіктер тілейміз! Ғалымның мерейтойына орай ұйымдастырылған «Қазақстанның суармалы жерлерін пайдалану және оны дамыту жолдары» атты халықаралық ғылыми конференцияға қош келдіңіздер!, - деді университет басшысы.
Бұдан кейін Атақұлов Тастанбек Атақұлұлы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі А.Сапаровтың бұйрығымен «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Жерлестері профессорды «Шымкент қаласының құрметті ардагері» атануымен құттықтады.
Сонымен қатар, В.В.Докучаев атындағы «Топырақтану» институтының директоры, Ресей ҒА академигі, профессор Андрей Ивановтың, Монғолия ҒА академигі, а.ш.ғ. докторы, профессор Бегзейн Дорждың, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ Басқарма төрағасы – Ректоры, ҚР ҰҒА академигі Қанат Тіреуовтың құттықтау хаттары табысталып, ағамыздың ғылымдағы еңбегіне жоғары баға берілді.
«Агробиология» факультетінің деканы, PhD доктор, қауымдастырылған профессор Ержан Абилдаев өз әріптестері атынан құттықтай отырып, халықаралық ғылыми конференцияға қатысушыларға профессордың еңбек жолын таныстырды.
Атақұлов Тастанбек Атақұлұлы 1981-2011 жылдар аралығында оқу ордамыздың ауыл шаруашылық мелиорациясы, мелиорация және гидравлика, егіншілік және өсімдік шаруашылығы, агрономия кафедраларының меңгерушісі, ал 1992-1996 жылдар аралығында Проректор қызметтерін атқарып, студент жастары мен әріптестерінің арасында үлкен абыройға ие болды. Жоғары оқу орындары студенттеріне қазақ тілінде 12 оқулық, 14 оқу құралы, көптеген әдістемелік нұсқаулар және типтік оқу бағдарламаларын дайындады. Ғалым-ұстаздың жетекшілігімен 3 докторлық, 4 кандидаттық, үш доктор PhD, 18 магистрлік диссертациялар қорғалынды.
Еліміздің ауыл шаруашылығына мамандар даярлауға және ғылымдарын дамытуға сіңірген еңбегі үшін 2004 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің медалімен, 2005 жылы «Ерен еңбегі үшін», 2013 жылы Ресей Академиясы Президиумының шешімімен А.И.Вавилов атындағы медальмен, 2024 жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Осы жылы ҚР Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының академигі болып сайланды.
Жоғары дәрежеде сапалы оқулықтар дайындағаны үшін 2004 жылы А.Байтұрсынов атындағы қола, 2014 жылы алтын медалдармен марапатталып, 2007 жылы «ҚР жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері атанды.
Суармалы жерлерді, су көздерін тиімді пайдалану, дақылдарды инновациялық әдістермен өсіру мәселелері бойынша үш патент алынды және өндіріске 15 ұсыныстар жасалынды. Ғылыми ұсыныстары Жамбыл, Түркістан, Алматы облыстарының шаруа қожалықтары мен фермерлер тарапынан тәжірибеге енгізіліп, нәтижесінде Мақтаарал және Жетісай аудандарының Құрметті азаматы атанды.
Профессор Тастанбек Атақұлұлы елімізге ғылыми мамандар даярлауда Оңтүстік Корея (Lim, Sang Cheol), Алмания (Kaze Heinz Koleez), Латвия (Kestytis Roma Нецкас), Өзбекстан (Назаров Худайберді) сияқты шетел ғалымдарымен бірге жұмыстар атқаруда.