KazNARU

ХV РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СТУДЕНТТІК ПӘНДІК ОЛИМПИАДА ЖЕҢІМПАЗДАРЫ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 2023 жылдың 19-20 сәуір аралығында Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары студенттерінің арасында ХV Республикалық пәндік олимпиадасының ІІ кезеңі өтті.

Олимпиаданың мақсаты ең дарынды студенттерді іріктеп, шығармашылық қабілеттерін ашу және қолдау көрсету, зияткерлік әлеуетінің қалыптасуына көмектесу, сонымен қатар, қазіргі заманның ғылыми мәселелерін шешуге студенттерді жұмылдырып, ғылыми қызметке қызығушылығын дамыту болып табылады.

Республикалық олимпиада оффлайн режимде 2 кезең бойынша өтті. Бірінші кезең пәндер бойынша тестілеу, сұрақ саны 100, тестілеу уақытына 100 минут қарастырылды. Екінші кезең пәндер бойынша ситуациялық сұрақтарды шешу, яғни тапсырма уақытына 100 минут берілді.
 

Олимпиадаға Республикамыздың 8 аймағынан 20-дан командалық топ қатысып, бақ сынасты. Олар: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Евразия ұлттық университеті, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Ә.Сағынов атындағы Қарағанды ​​техникалық университеті және т.б.

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті «Тағам өнімдерінің технологиясы және қауіпсіздігі» кафедрасының «Биотехнология» білім беру бағдарламасы бойынша «Барыс» тобы қатысты, олар 3 курс студенттері - Айтбазар Бейбірайхан Толыбайқызы, Айтуған Бибінұр Шоханқызы және Курмантаева Акниет Абзалкызы (ғылыми жетекші К. Мырзабек).

Олимпиада қорытындысы бойынша «Барыс» тобы жүлделі ІІІ орынға иеленіп Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің III дәрежелі дипломымен марапатталды. Сонымен қатар топ студенттеріне қатысушы сертификаты және топ жетекшісіне алғыс хат табысталды.

Осындай ғылыми деңгейі жоғары республикалық студенттер сайысында жақсы жетістіктерге жеткен студенттерімізді табыстарымен құттықтаймыз!

---------Chatbot---------
виртуальный помощник