KazNARU ӨКІЛДЕРІ КӨКТЕМГІ ДАЛАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕЛІК ЖҰМЫСТАРЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҮРГІЗУДІ БАСТАДЫ
2025 жылдың 13 наурыз күні Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы-Ректордың орынбасары, п.ғ.д., профессор Абдыров Айтжан Мухамеджанұлы бастаған профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлер Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Саймасай ауылындағы және Талғар ауданы, Байбұлақ ауылында орналасқан “Агроуниверситет” оқу-тәжірибе шаруашылығының көктемгі далалық тәжірибелік жұмыстарына дайындық барысын жүргізіп қайтты.
«Агробиология» факультетінің деканы Ержан Абилдаев, Практика және жұмысқа орналастыру бөлімінің жеткшісі Бақытгүл Есимова, «Агрономия, селекция және биотехнология» кафедрасының меңгерушісі Елдос Жаңбырбаев және «Жеміс-көкөніс шаруашылығы, өсімдік қорғау және карантин» кафедрасының меңгерушісі Рауза Әбдукерім, «Агробиология» факультетінің 3-курс студенттері қатысқан іс-шара практикалық дәріс түрінде ұйымдастырылды.
Дуальды оқыту бағдарламасы аясында “Жеміс-көкөніс шаруашылығы”, “Өсімдік қорғау және карантин”, “Өсімдіктер туралы ғылым және технологиялар” білім беру бағдарламалары бойынша білім алатын студенттер жеміс ағаштарын шырпу әдістері мен техникасын үйренді. Бұл тәжірибелік сабақты “Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты” ЖШС Талғар бөлімінің директорының орынбасары Омаров Ерлан Ермұханұлы жүргізді.
Ерлан Ермұханұлының айтуы бойынша, жеміс ағаштарын шырпу – ағаштардың физиологиялық дамуын реттеп, дұрыс қалыптасуын, өнімділігін және ұзақ өміршеңдігін қамтамасыз ететін маңызды агротехникалық әдіс.
«Бұл шара: - өсу мен жеміс беру үрдісін оңтайландырады; - фотосинтезге қолайлы жағдай жасайды; - жарық пен ауа айналымын жақсартады; зиянкестер мен аурулардың таралу қаупін азайтады», - дейді ол.
Тәжірибелік сабақ барысында студенттер теориялық білімдерін нақты тәжірибемен ұштастыруды, өсімдіктерді ғылыми негізде күтіп-баптау дағдыларын меңгеруді үйренді.
«Оқу-тәжірибе шаруашылығындағы мұндай практикалық шаралар болашақ мамандардың кәсіби дайындығын арттырып, саладағы білікті кадрларды қалыптастыруға тікелей ықпал ететіні анық», - дейді проректор Айтжан Абдыров.
KazNARU Баспасөз қызметі