ҚазҰАЗУ базасында Орта Азиядағы жетекші жоғары оқу орны «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» Ұлттық зерттеу университетінің су шаруашылығы мамандарын бірлесіп даярлау жөніндегі филиалы ашылады
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 01 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында агроөнеркәсіптік секторды дамытудың басым бағыттарын айқындай отырып, сұранысқа ие мамандарды даярлау үшін күшті базалық жоғары оқу орнын анықтау жөнінде нақты міндеттер қойды.
2023 жылдың 02 наурызында Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Премьер–министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин, Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Инвестициялар және сыртқы сауда министрі Жамшид Ходжаев, ҚР Ғылым және жоғары білім Вице-министрі Талғат Ешенқұлов, ӨР Жоғары және орта арнаулы білім министрінің бірінші орынбасары Комилжон Кәрімов, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ақылбек Күрішбаев, «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» ҒЗУ ректоры Баходир Мирзаев кездесіп, ҚазҰАЗУ базасында «ТИАШМИИ» ҒЗУ филиалын ашу мәселесін жан-жақты талқылады.
Өз сөзінде қазақстандық университет ректоры Ақылбек Күрішбаев ҚазҰАЗУ-да өзбекстандық жетекші ЖОО филиалының ашылуы бүгінгі таңда өте қажетті бастама екендігін жан-жақты түсіндіре отырып, ҚР Үкіметі тарапынан көрсетілетін қолдау шараларын ұсынды.
Кездесу барысында бірқатар келісімге қол жеткізілді:
- «ТИАШМИИ» филиалы үшін «Су ресурстары және суды пайдалану» білім беру бағдарламасы бойынша бакалавриат пен магистратурада оқу үшін қосымша мақсатты гранттық қаржыландыру бөлу;
- білім алушылар мен ПОҚ академиялық ұтқырлығын қаржыландыру; жетекші ғалымдарды шақыру;
- ҚазҰАЗУ-да ашылатын «ТИАШМИИ» ҒЗУ филиалының ғылыми және білім беру инфрақұрылымын дамыту;
- су ресурстары мен суды пайдалану, жерді мелиорациялау және рекультивациялау саласындағы бірлескен ғылыми жобаларды іске асыруға тиісті қаржы бөлу және инновациялық технологиялар трансферттерін қолдау.
Тараптар ҚазҰАЗУ базасында «ТИАШМИИ» ҒЗУ филиалын құру оларды әлемдік қуатты университеттерге айналдыру, АӨК саласында жаңа
инновациялық технологияларды әзірлеу, жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін күшейту және ғылыми рейтингілерін арттыру, сондай-ақ өңірдегі су қауіпсіздігін нығайту, су шаруашылығы мамандары мен жас кадрлардың кәсіби құзыреттерін арттыру процесіне жаңа серпін беретінін атап өтті.
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі