ҚазҰАЗУ мен ҚХР Шыңжаң экология және география институты арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды
Бүгін Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы -Ректор, ҚР ҰҒА академигі Ақылбек Күрішбаев ҚХР Шыңжаң экология және география институтының бас директоры Юанминг Чжанмен кездесті.
Делегация құрамында Шыңжаң экология және география институтының қызметкерлері – профессор Ли Йоминг, Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Цяо Цзянфанг, профессор Ли Венджун, ШЭГИ кітапханасының директоры, доцент Хау Юн, Орталық Азияның экология және қоршаған ортаны қорғау зерттеу орталығының (Almaty) басшылары – Думан Иманмади мен Ғалымжан Сапаров болды. Сондай-ақ кездесуге ҚазҰАЗУ басшылығы мен ғалымдары қатысты.
Кездесу барысында ҚазҰАЗУ мен ШЭГИ арасында Қытайдың инновациялық жетістіктерін Қазақстанның агроөнеркәсіптік саласында қолдану бойынша өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері мен перспективалары талқыланды.
ҚазҰАЗУ ректоры Ақылбек Күрішбаев осының алдында болған Қытай Ғылым Академиясының Шыңжаң бөлімшесінің вице-президенті, профессор Чэн Шимен кездесуін еске алып, ҚХР жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарын қазақстандық университеттердің сенімді серіктесіне айналып келеді деп атады.
Кездесу аясында тараптар арасында "Өзара түсіністік туралы Меморандумға" қол қойылды. Меморандум білім беру және әдіснамалық жұмыстар мен ғылыми жобаларға байланысты өзара іс-қимыл мен бірлескен зерттеулерді, ақпарат алмасуды; оқытушылар, ғылыми қызметкерлер, магистранттар және докторанттардың екіжақты тәжірибе алмасуын, бірлескен маңызды ғылыми конференциялар мен семинарлар өткізуді т.б. шараларды көздейді.
Кездесу соңында қонақтар ҚазҰАЗУ-дың ғылыми-инновациялық инфрақұрылымымен танысып, Вагенинген университетімен жұмыс жөніндегі Институтқа, Микроклоналды көбею зертханасына, Қазақстан-Жапон инновациялық орталығына барып және т.б. құрылымдарды аралап көрді.
Тараптар бүгінгі сындарлы кездесу ҚазҰАЗУ мен ШЭГИ арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ екі елдің білімі мен ғылымын дамытуда тиімді нәтижелерге қуатты серпін беретініне сенімді.
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі