KazNARU БАЗАСЫНДА АЛМАТЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТТЕРІ ҮШІН МАСТЕР-КЛАСС ӨТКІЗІЛДІ
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында Алматы экономикалық колледжінің студенттері үшін «Инженерлік технологиялар» факультетінің аға оқытушысы, PhD Жалелов Дулат Бейбітұлы мен «Тағам өнімдерінің технологиясы және қауіпсіздігі» кафедрасының оқытушылары мастер-класс өткізді.
Биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылған бұл маңызды іс-шараға колледж білім алушыларын тәлімгер Бидахметов Ағзам Қанатұлы бастап келді.
Болашақ жас мамандарға теория мен практиканы ұштастыруға, азық-түлік индустриясының заманауи талаптарын тереңірек түсінуге және кәсіби мүмкіндіктерін айқындауға мүмкіндік беретін дәрістер «Тағам өнімдерінің технологиясы және қауіпсіздігі» кафедрасының негізігі 4 үлкен зерттеу орталығында жүргізілді.
Атап айтқанда, «Тағам және қайта өңдеу өндірістерінің технологиялары» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы (жетекшісі т.ғ.д., профессор Оспанов Әбдыманап Әбубәкірұлы) – ғылым мен өндірістің өзара тоғысатын алаңы, онда озық зерттеулер жүргізіліп, Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніне арналған инновациялық шешімдер әзірленеді.
«Сүт өнімдерінің референттік» зертханасы (жетекшісі - PhD Ниязбекова Жаннұр Нурдилдақызы) – тағам қауіпсіздігі мен сүттің сапа стандарттарын қамтамасыз ету орталығы. Студенттер тамақ өнімдерін сертификаттау, сапа менеджменті жүйелері және халықаралық стандарттарға сәйкестікті бақылау туралы жан-жақты ақпарат алды.
«Тағам өнімдерінің технологиясы және сапасы» ғылыми-білім беру инновациялық орталығы (жетекшісі - т.ғ.д., қауымдастырылған профессор Еренова Бибипатыма Ертайқызы) – агроөнеркәсіп саласындағы инновациялар орталығы. Азық-түлік шикізаты мен өнімдерінің сапасын зерттеу, ет, сүт, нан өнімдерін өндіру бойынша технологиялық желінің әрбір процесін зерттеу, заманауи технологиялық жабдықтарда жұмыс істеу арқылы шикізатты өңдеудің өндірістік процестерінің принциптері оқытылады.
«Пробиотикалық микроорганизмдерді зерттеу» зертханасы (жетекшісі- PhD, қауымдастырылған профессор Боранбаева Тоғжан Кенжетайқызы) –пробтотикалық бактерияларды анықтау және өсіру, сұт өнімдеріндегі пробиотиктерді зерттеу және тағам өндірісіндегі пробиотиктерді қолданудың инновациялық тәсілдері жүргізіледі.
Мастер-класқа қатысқан Алматы экономикалық колледжінің студенттері университеттегі инновациялық жаңалықтарды үлкен құлшыныспен тыңдап, болашақта өз білімдерін осы оқу ордасында жалғастыруға қызығушылық білдірді.
KazNARU Баспасөз қызметі