ҚазҰАЗУ ҒАЛЫМЫ КАТАР ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕСІНЕ ҚАТЫСУҒА ШАҚЫРТУ АЛДЫ
2023 жылдың 17 ақпанында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Тағам өнімдерінің технологиясы және қауіпсіздігі» кафедрасының профессоры Әбдіманап Оспановтың жетекшілігімен докторанттар Нұрдан Динаш пен Жалелов Дулат өндіріс жағдайында (макарон өнімдерін өндіру цехында) көп дәнді шикізаттан инновациялық макарон өнімдерінің өндірістік партиясын алған болатын.
Осы жаңа өнімнің тәжірибелік үлгісі Катар елінің астанасы Доха қаласына ү.ж. 15-19 наурыз аралығында өтетін «Халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесі AgriteQ-2023» қатысу мақсатында, алдын-ала зертханалық тексеруден өткізу үшін жіберілген еді.
Халықаралық көрмені өткізудің мақсаты – әлемге әр мемлекеттің экспорттық әлеуеті мен ғылыми жетістіктерін таныстыру, тамақ өндірісі, өңдеу өнеркәсібі және агроөнеркәсіптік кешен салаларына шетелдік инвестицияларды тарту болып табылады. Осы жолғы көрмеге өз өнімдері мен қызметтерін экспорттау үшін 60-тан астам елдің өкілдері қатыспақ.
Осыған орай, ҚазҰАЗУ Ректоры Ақылбек Күрішбаевтың атына университет профессоры Ә.Оспановты Халықаралық көрмеге қатысу шақырту хаты келіп түсті.
Хат пен арнайы Сертификатты университет басшылығына «Экспортёрлердің халықаралық эксперттік одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің Президенті Римма Данабайқызы келіп тапсырды. Өз сөзінде ол ҚазҰАЗУ өкілі инновациялық өнімдерін таныстыру үшін жеке павильон бөлінгенін жалғыз қазақтандық ғалым екенін жеткізді.
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі.