БІРЛЕСКЕН КӘСІПОРЫН ҚҰРУ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
2023 жылғы 14 наурызда Қазақстандық стандарттау және метрология институты, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті және Oman Food Investment Company (Оман Сұлтандығы) ірі халықаралық холдингіне кіретін «Atyab International Services» компаниясы арасында бірлескен кәсіпорын құру туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл кәсіпорын ҚазҰАЗУ базасында азық-түлік, ауыл шаруашылығы өнімдерін, косметика мен химикаттарды және т.б. тестілеу, инспекциялау және сертификаттау бойынша ғылыми-зерттеу қызметін жүргізетін болады.

Университет басшысы Ақылбек Күрішбаев пен AIS компаниясының бас директоры Мохиб Ахмед Хан бұл құжаттың Қазақстан мен Орталық Азияның аграрлық секторы үшін де өте маңызды екенін атап өтті.
А.Күрішбаев өз сөзінде азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Халықаралық орталық құру мен халал тағамдарын анықтау мәселесі екі елдің салалық қызметтері мен министрліктері деңгейінде бірнеше рет қаралғанын еске алды. Сондай-ақ, бұл бастамаға Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымы (АҚИҰ) тарапынан да қолдау білдірілген.
«Бүгінгі таңда қолданыстағы азық-түлік сапасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету кез-келген мемлекеттің назарында қатаң ұсталатын ең басты мәселе. Бұл үшін ғылыми-зерттеу ресурстарын тиімді пайдалану жөніндегі өңірлік ынтымақтастықты дамыту тетіктерін жаңа деңгейге көтеруіміз қажет. Осыған орай, әлемдік стандарттар мен менеджменттің озық әдістеріне сүйенетін бірлескен кәсіпорын құру қазіргі таңда өте өзекті деп білеміз», - деп атап өтті Ақылбек Қажығұлұлы.
Өз кезегінде тамақ өнеркәсібінде 30 жылдық тәжірибесі бар білікті технолог, AIS халықаралық жартылай үкіметтік компаниясының басшысы Мохиб Ахмед Хан ҚазҰАЗУ-де жүйелі жүргізіліп жатқан ғылыми-білім беру қызметтерін жоғары бағалап, болашақ орталықтың жұмыс істеуі үшін университет тарапынан қолайлы жағдайлар жасалады деген үмітін білдірді.
AIS басшысы сонымен қатар, болашақ Халықаралық тестілеу, инспекция және сертификаттау орталығының жұмыс істеуі үшін заманауи зертханалық жабдықтар жеткізуге ниетті екенін білдірді.
Тараптар бірлескен кәсіпорын қоршаған ортаны қорғау стандарттарына сәйкестігі тұрғысынан тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін сақтау мен сапасын анықтау, өнеркәсіптің әртүрлі салаларында шығарылатын өнімді сынау, инспекциялау және сертификаттау бойынша қызметтер көрсетуге келісті.
Сондай-ақ, ҚазҰАЗУ ғалымдарының күшімен тамақ қауіпсіздігі және халал өнімдері бойынша әзірленген ғылыми ұсыныстар мен жобалар орталық жұмысының барысында пайдаланылатын болады.
ҚазҰАЗУ баспасөз қызметі.