KazNARU

АРДЫҢ ЖҮГІН АРҚАЛАҒАН АЙШЫҚТЫ ТҰЛҒА

Ауыл десе, жан-жүрегін үзіп беруге бар көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, аграрлық білім мен ғылымды дамытуға өзінің күш-жігерін арнап келе жатқан іскер ұйымдастырушы, жаңашыл басшы, академик КҮРІШБАЕВ Ақылбек Қажығұлұлының бүгін туған күні.

Өмірде қатардағы солдаттан генерал атанғандар көп шығар, бірақ комбайнер көмекшісінен Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрі дәрежесіне көтеріліп, бақ жұлдызы жанған жан біреу-ақ. Ол – қазақтың біртуар перзенті Ақылбек Қажығұлұлы!

Әрине, ел экономикасының алтын өзегі, күре тамыры саналатын ірі министрлікті басқару, Парламентте белсенді сенатор атанып, жоғары билікке араласу – ұзақ жылғы төгілген маңдай тер, қажырлы еңбектің жемісі екені даусыз.

Әйгілі А.И.Бараев атындағы Қазақ ғылыми-зерттеу астық шаруашылығы орталығын басқарып, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі, Министрі лауазымдарында да саяси тұрғыда шыңдалып, өмірде жинақтаған іс-тәжірибелерін қиын да, аса жауапты аграрлық саланың көшін түзетуге арнады, ауылдағы елдің барын еселеп, жоғын түгендеді. ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің Хатшылығын басқарған жылдары елдік мүддені бірінші орынға қойып, ең белсенді, ең батыл сенатор ретінде халықтың есінде қалды.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне жетекшілік еткен 9 жылдың ішінде екі мәрте «Үздік ректор» атанып, ҚАТУ-ды әлемдік деңгейдегі ғылыми-зерттеу университетіне трансформациялауды сәтті жүзеге асырды, халықаралық ғылыми қауымдастыққа танытты. Осы жылдар ішінде университетте оқытушылар үшін көп пәтерлі 3 тұрғын үй, 850 орындық бір студенттік жатақхана, бір оқу ғимараты салынғанын әріптестері ризашылықпен әлі күнге айтып жүр.

Мемлекет басшысының үлкен сеніміне ие болған Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы 2022 жылдың 1 қарашасынан бері еліміздегі жетекші оқу орнының бірегейі – Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне басшылық жасап келеді. Қысқа мерзімде білім ордасының ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын жаңғырту, заман талабына сай білім мен ғылымның, өндірістің интеграциялануы жолға қойылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Бағдарламасы қабылданып, әкімшілік-басқару аппараты, құрамдас ұйымдар, барлық тиімсіз шығындар айтарылықтай қысқартылды. Оқытушылардың жалақысы өсіп, жас ғалымдар

факультет, кафедра басшылығына көптеп келді. Бір сөзбен айтқанда, бес айдың ішінде университетімізде біраз оң өзгерістер болды. Осылайша өзі білім алып, үздік бітірген туған университетіне (альма-матерінде) өмірлік тәжірибесін жұмсап, аянбай еңбек етуде.

Басшылық қызметпен қатар, Ақылбек Күрішбаев ғылыммен де терең айналысып, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының және Ресей ғылымдары академиясының (РАН) академигі атанып, отандық ғылымды да дамытуға өзінің айшықты үлесін қосуда.

 

Ақылбек Қажығұлұлы республика деңгейіндегі қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысып, ҚР Президенті жанындағы Ғылым бойынша ұлттық кеңестің мүшесі, «Amanat» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі ретінде руханият, білім беру мен ғылым мәселелерін ұлттық деңгейде көтеріп, барлық ортада өз көзқарасын ашық білдіріп келеді.

Отанға сіңірген лайықты еңбегі үшін «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, көптеген үкіметтік медальдармен марапатталып, Алматы облысының Құрметті азаматы және «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанған қайраткердің ғибратты ғұмыры кейінгі жас буынға үлкен үлгі-өнеге!

Әлемдегі озық заманауи ғылыми-зерттеу университетін құруды айқын мақсат ете отырып, осы жолда үлкен ұжымды ұйымшылдықпен биік межеге бастап келе жатқан Ақылбек Қажығұлұлын туған күнімен құттықтай отырып, әрқашан сәттілік тілейміз!

 

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник