KazNARU

УНИВЕРСИТЕТ ӨЗІНЕ-ӨЗІ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ЖҮЙЕСІНЕ КӨШТІ

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде ағаш, пластик материалдардан оқу орнына қажетті бұйымдар жасайтын Шеберхана цехы, жаңа іс машиналарымен жабдықталған Тігін цехы және Кешенді кір жуғыш бөлмесі жаңғыртылып, іске қосылды.

✅ Жақын арада арзан бағамен азық-тіүлік сататын арнайы әлеуметтік дүкен мен дәріхана пайдалануға беріледі.

✅Жаңа оқу жылы қарсаңында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында ағаш, пластик материалдардан оқу орнына қажетті бұйымдар жасайтын Шеберхана цехы іске қосылды. Нарықтық экономиканың талаптарына сәйкес, өзінің ішкі қажеттіліктерін өтеу үшін жұмыс істейтін мұндай жақсы үрдістер әлемнің көптеген озық ЖОО-ларында бұрыннан қалыптасқан.

ҚазҰАЗУ аумағында студенттер үшін 1978 жылы жабық спортзал ретінде тұрғызылған екі қабатты бұл шағын ғимарат ұзақ уақыт жекелерге жалға беріліп, кейінгі кезде заттар сақтайтын қойма ретінде пайдаланылып келген.

✅ ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы – Ректордың инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Қуат Сұлтанғазиевтың айтуынша, тозығы жетіп төбесінен су аққан, есік-терезелері бүлінген, жылу жүйесі істен шыққан бұл ғимарат университеттің жаңа басшылығының тапсырмасымен биыл толық жөндеуден өткізілді. Сонымен қатар, цех ішіне әртүрлі үлгілер мен материалдарды дайындау, өңдеу, формалау және құрастыру процестерін үздіксіз жүргізетін шетелдік арнайы станоктар сатып алынып, орнатылды.

«Енді университеттің оқу корпустары мен жатақханаларына арналған офистік жиһаздар, есік-терезелер мен парталар, аудиториялардағы дизайндік пластик өрнектер, гүлзар бақтардағы орындықтар, асханалардағы үстелдер, басқа да күнделікті тұтынатын материалдар өзімізде жасалатын болады. Біз осы салада үлкен тәжірибесі бар шебер мамандармен бірлесіп, әріптестік-серіктестік негізде жұмыс жасаудамыз. Бұған қоса, тігін цехы күрделі жөндеуден өткізіліп, жақында іске қосылды. Нәтижесінде барлық жатақханалардығы төсек-орын жабдықтары, матрацтар мен жамылғылар, терезе перделері толықтай жаңартылды. Мұның барлығы университетіміздің қазіргі және болашақтағы инфрақұрылымдық дамуына зор әсер ететіні анық. Осының бәрі студенттердің игілігіне арналған», - дейді проректор Қуат Сұлтанғазиев.

✅ Сонымен қатар, оқу-зертханалық корпустары мен жатақханалардың айналасын абаттандыру жұмыстары аяқталып, білім алушылар үшін барлық әлеуметтік жағдайлар жасалуда. «Алтын дән» студенттер асханасы қайта жаңғыртылды. Жақын арада студенттердің өтініші бойынша аранйы әлеуметтік дүкен мен аптека іске қосылады.

Осының нәтижесінде, жоғарыда аталған көптеген әлеуметтік шығындар үнемделіп, қосымша жұмыс орындары пайда болды.

✅ Еске сала кетейік, жаңа оқу жылы қарсаңында ҚазҰАЗУ-дың 8 оқу корпусына және 7 студенттік жатақханаға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді және екі жатақхананың шатыры күрделі жөндеуден өткізілді. Орталық стадион мен Ветеринариялық клиниканы толықтай қайта тұрғызу жұмыстары аяқталуға жақын. Мұндай ауқымды жөндеу жұмыстары университетте соңғы он жылда алғаш рет қолға алынып отыр.

Қазіргі таңда студенттердің оқуына, спортпен айналысуына, бос уақыттарын тиімді өткізуіне және алаңсыз өмір сүруіне қажетті барлық оқу-ғылыми инфрақұрылым жүйесі жаңа оқу жылына дайын.

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник