САЯСАТ НҰРБЕК ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ АГРАРЛЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕГІ ЖАТАҚХАНАЛАРДЫҢ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҒЫН ТЕКСЕРДІ
«ӨТЕ ЖАҚСЫ ЖҰМЫСТАР ЖАСАЛҒАН. УНИВЕРСИТЕТ ЖАТАҚХАНАЛАРЫ СТУДЕНТТЕРДІ ҚАБЫЛДАУҒА ДАЙЫН» - деді министр.
2023 жылдың 26 тамызында Алматыға жұмыс сапары аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Ситуациялық орталығында болып, оқу ордасының инфрақұрылымдар жүйесінің жаңа оқу жылына дайындығымен танысты. Сонымен қатар, ол студенттік жатақханалар мен оқу ғимараттарын аралап көріп, атқарылған іс-шаралардың нәтижелеріне оң бағасын берді.
«Университет жатақханалары студенттерді қабылдауға дайын, жақсы жұмыстар жасалған. Өз тарапымнан білім алушылардың барлығын дерлік жатақханамен қамтамасыз ету керектігін тапсырамын» - деді министр.
Өз сөзінде ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы – Ректордың инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Қуат Сұлтанғазиев биыл 8 оқу корпусы мен 7 студенттік жатақханаға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілгенін, 220 млн теңгеге оқу аудиторияларына жаңа компьютерлік техникалар мен интерактивті тақталар сатып алынғанын және 2 жатақхананың шатыры күрделі жөндеуден өткізілгенін атап өтті. Сондай-ақ, Орталық стадион мен Ветеринариялық клиниканы толықтай қайта тұрғызу жұмыстары аяқталуға жақын. Жақын арада студенттердің өтініші бойынша арнайы әлеуметтік дүкен мен аптека іске қосылады. Мұндай ауқымды жөндеу жұмыстары университетте көп жылдардан бері алғаш рет қолға алынып отыр.
ҚазҰАЗУ Басқармасында алдағы уақытта университет аумағынан тағы бір 450 орындық жатақхана құрылысын тұрғызу мәселесі қарастырылуда. Қазіргі уақытта білім алушылар үшін қолданыстағы жатақханаларда 2255 орын дайын тұр.
Жатақхана алу үшін студенттерден бүгінге дейін 1500 өтініш түсткен. Тиісті орын беру процесі ашық, электронды түрде жүргізілуде. Ол үшін арнайы комиссия құрылған. Оның құрамында тәрбие ісі жөніндегі департамент пен деканаттардың, Студенттік өзін-өзі басқару комитетінің мүшелері бар. Бірінші кезекте барлық 1-курс студенттері мен жоғары курстардағы тұрмысы төмен отбасыларының балалары қамтылады.
Жатақхана ғимараттарында ас үйлер, демалыс бөлмелері, кір жууға және кептіруге арналған тұрмыстық бөлмелер, оқу залдары бар. Жаңа тоңазытқыштар, кір жуатын машиналар сатып алынып, душ кабиналары жөнделді.
Студенттердің қауіпсіздігін қадағалау үшін орталықтандырған бейне бақылау жүйесі жаңғыртылды.
ҚазҰАЗУ баспасөз қызметі