KazNARU

ҚазҰАЗУ мен ҚЫТАЙ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ ҒЫЛЫМДАРЫ АКАДЕМИЯСЫ АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

2023 жылдың 28 тамызында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы - Ректордың бірінші орынбасары, в.ғ.д., профессор Пірімқұл Ибрагимов Қытай Ауылшаруашылық ғылымдары академиясының Экономика және ауыл шаруашылығын дамыту институтының ғылыми жетекшісі, философия докторы, профессор Сяньде Ли бастаған делегациямен кездесті.

Кездесуге Қытай тарапынан ҚАшҒА Экономика және ауыл шаруашылығын дамыту институтының профессорлары мен ҚазҰАЗУ басшылары, экономика жөніндегі белгілі ғалымдар қатысты.

✅ Өз сөзінде Пірімқұл Ибрагимов ҚазҰАЗУ мен Қытай Ауылшаруашылық ғылымдары академиясының Экономика және ауыл шаруашылығын дамыту институты өкілдеріне жылы лебіз білдіріп, көрші Қытай мемлекетінің ғылым-білім ордаларымен өзара байланыстардың дамып келе жатқанын атап өтті.

«Биылғы маусым айында университетіміздің жанынан «Қазақстан-Қытай ғылыми зерттеу орталығын» құрылды. Жыл басынан бері ҚХР Ғылым академиясы, Сычуань ауылшаруашылық ғылымдары академиясы, Хэнань Ауылшаруашылық университеті, Ланьчжоу университеті, Солтүстік-батыс аграрлық университетінен арнайы ғылыми делегатциялар келіп, көптеген ғылым-білім саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асырудамыз. Қытай Ауылшаруашылық ғылымдары академиясының Экономика және ауыл шаруашылығын дамыту институтымен де осы бағыттағы қарқынды жұмыстарды жемісті жүргіземіз деп сенеміз», - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.

✅ Тараптар агроөнеркәсіп кешеніндегі экономикалық мәселелерді зерттеу және ауыл шаруашылығындағы инновацияларды дамыту, осы саладағы ғылыми зерттеулерді жан-жақты қолдау мен ұйымдастыру, ақпараттар алмасу бойынша ынтымақтастыққа мүдделі екендіктерін білдірді.

✅ Бұдан кейін Қытай делегациясының басшысы доктор Сяньде Ли өз сөзінде бүгінгі келу мақсаттарын түсіндіре келіп, бірқатар мәселелрді ортаға салды. Ол ҚАшҒА Экономика және ауыл шаруашылығын дамыту институтының ғылыми жетекшісі ғана емес, сонымен қатар, Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік қауіпсіздігі және тамақтану жөніндегі жоғары деңгейдегі сарапшылар тобының мүшесі (2017-2021 жж.). Қытайдың ауыл шаруашылығы және ауылдық істер министрлігінің әлемдік маңызы бар ауыл шаруашылығы мұрасы жүйелері жөніндегі сараптама комитеті Төрағасының орынбасары, Қытайдың шетелдік ауыл шаруашылығы экономикасы қоғамы Төрағасының орынбасары болып табылады. Доктор Сяньде Ли академиялық танымал журналдарда 100-ден астам мақалалар жариялады, соның ішінде "Ауыл шаруашылығы экономикасының мәселелері", "Жерді пайдалану саясаты", "Қытайдың экономикалық шолуы", "Қытайдың ауыл шаруашылығы экономикасы" сияқты ғылыми еңбектері халықаралық ғылыми ортада өзінің лайықты бағасын алған.

✅ «Біздің Экономика және ауыл шаруашылығын дамыту институтында 112 ғылыми қызметкер жұмыс істейді. Негізінен 8 бағыт бойынша – мал шаруашылығы қауіпсіздігі, астық қауіпсіздігі, технологиялық ғылыми бағыт, ауыл-қыстақтардың дамуы, мемлекет қаржысының ауыл шаруашылығында пайдалану мәселелері, халықаралық байланыстар, экономикалық дамудың негізгі аспектілері сияқты салаларды қамтимыз. Әлемнің 65 ғылыми-зерттеу институттарымен, университеттермен тығыз қарым-қатынаста байланыс орнаттық. Енді сіздермен де ауыл шаруашылығы ғылымының жетістіктерін бірге пайдалану, мал шаруашылығын зерттеу, азық-түлік өндірісін ұлғайту мен өнімдерді тұтыну, бидай, көкөніс, мақта өсіру жөніндегі жобаларды жүйелі талқылау, ақпарат алмасу үшін арнайы келіп отырмыз», - деді доктор Сяньде Ли.

✅ Спикердің айтуынша, Қытай ауыл шаруашылығы технологиясы егін егу және мал шаруашылығында тамаша жетістіктерге жетіп, ауыл шаруашылығында жаһандық жаңғыртудың жақсы үлгісін көрсетіп келеді. Ал, кең байтақ егістік алқаптары мен ресурстары бар ел ретінде Қазақстанның да ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуеті орасан үлкен. Сондықтан, ҚХР мен Қазақстанның ауылшаруашылық өнімдерін бірлесе өндіру және әлемдік нарыққа бірлесе шығару екі елге де өте пайдалы, әрі перспективалы жобалар болмақ.

Кездесу соңында Пірімқұл Ибрагимов университет басшылығы атынан өзара серіктестік қарым-қатынастарды дамытуға ниет білдіргені үшін қонақтарға алғыс білдіріп, бұл бағытта жаңа бастамаларды бірлесе жүзеге асыруға әзір екендіктеріне сендірді.

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник