KazNARU

ҚазҰАЗУ ӨЗ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МЕН ОҚЫТУШЫЛАРЫН ТЕГІН ЖОЛ БИЛЕТІМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕДІ

Бұл туралы бүгін Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры Ақылбек Күрішбаев аппарат мәжілісінде мәлім етті.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, ҚазҰАЗУ-дың профессор-оқытушылар құрамының жалақысы ішкі үнемделген қаржылардың есебінен, жыл басынан бері кезең-кезеңімен 100 пайызға көтерілді. 

✅  Сондай-ақ, университет қызметкерлері мен білім алушылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын қолдау мақсатында арнайы әлеуметтік дүкені ашылып, жұмыс істей бастады. Мұнда күнделікті тұтынатын нан-сүт, азық-түлік тағамдары қаладағы басқа сауда орындарына қарағанда, 10-15 пайызға төмен бағамен сатылады. 

Биылғы жылы университеттің «Алтын дән» студенттер асханасы қайта жаңғыртылды. Білім алушыларға қызмет көрсету орталығы ашылып,  «бір терезе» қағидаты бойынша академиялық сервистік қызметтерді оңтайландыру мақсатында студенттерге қызмет көрсете бастады. Орталық оқу үрдісінде, оқу орнынан анықтама беру, өтініштер қабылдау, онлайн өтініш беру, транскрипт беру, академиялық ұтқырлық мәселелері бойынша кеңес беру және т.б. қызметтер спектрін қамтиды. 

Студенттердің өтініші бойынша жақын арада арнайы әлеуметтік аптека іске қосылмақ. 

✅  Университет басшысы Ақылбек Күрішбаевтың айтуы бойынша, алдағы уақытта қызметкерлер мен студенттер үшін фермерлік қожалықтардан тікелей ауыл шаруашылығы өнімдері (ет, май, картоп, көкөніс, жеміс-жидек т.б.) көтерме сауда бағасымен жеткізілетін болады.

✅  Аппарат отырысында ҚазҰАЗУ базасында жаңадан жергілікті Кәсподақ ұйымын құру туралы шешім қабылданды. Университет бюджетінен қаржыландырылатын бұл ұйымның мақсаты –  профессор-оқытушылар құрамы мен бүкіл ұжымына арналған әлеуметтік нысаналы көмекті күшейту.

✅  Сонымен қатар, 2023 жылдың 1 қазанынан бастап, осы кәсіподақтың мүшелері болып саналатын ПОҚ пен барлық қызметкерлерді Алматы қаласы ішіндегі қоғамдық көліктерде тегін жүру билетімен қамтамасыз ету жөнінде шешім қабылданды. Жол билеттерінің құны ай сайын қызметкерлердің «ОҢАЙ» жеке карточкаларына аударылатын болады.

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі.

 

---------Chatbot---------
виртуальный помощник