ҚазҰАЗУ СТУДЕНТТЕРІ КИБЕРСПОРТ ТҮРІНЕН ОЗЫҚ ЖЕТІСТІКТЕР КӨРСЕТУДЕ
Қазақ ұлттық аграрлық зертету университетінің Су, жер және орман ресурстары факультетінің 2 курс студенті Дарын Бейбітов PUBG MOBILE кибердисциплина бойынша Қазақстан құрама командасының мүшесі болып табылады.
Ол ағымдағы жылы Қытайдың Макао қаласында өткен 29 ел қатысқан Оңтүстік-Орталық Азия чемпионатында Қазақстан құрама командасы қатарында чемпион атанып, ел мерейін өсірді.
Қазақстанда киберспорт түрі ең алғаш шағын компьютерлік клубтарда 2000-шы жылдан басталған болатын. Жаңа әрі технологиялық бағыттың дамуына орай, киберспорт өзіндік жарыс нормалары мен талаптары қалыптасқан спорт түріне айналды.
Бүгінгі таңда қазақстандық киберспортшылар өздерінің халықаралық деңгейде сайыстардағы әртүрлі құрамда, әртүрлі дисциплинада ойнап, жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. Биылғы жылдың қаңтар айында Қазақстандық команда PUBG Mobile бойынша әлем чемпионатында Топ-6 командалардың қатарына кірді.
Осы әлемдік додалардағы жетістіктерінің нәтижесінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің 2018 жылғы 25 маусымдағы бұйрығымен киберспорт елімізде ресми түрде қабылданып, жарыстық спорт түрлерінің тізіміне енгізілді.
Қазіргі таңда ҚазҰАЗУ Су, жер және орман ресурстары факультетінің 2 курс студенті Дарын Бейбітов өз әріптестерімен бірге алдағы 23 қыркүйекте Ханчжоу қаласында өтетін Азия чемпионатына дайындыққа кірісіп кетті.
Еліміздің көк Туын желбірететін отандық спортшыларымызға сәттілік серік болсын!
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі.