KazNARU

ҚазҰАЗУ: БІЗ ЕЛІМІЗДЕ АГРАРЛЫҚ ҒЫЛЫМДЫ ҚАЛАЙ ДАМЫТУ ЖӘНЕ ЗАМАНАУИ КАДРЛАРДЫ ҚАЛАЙ ДАЙЫНДАУ ҮЛГІСІН КӨРСЕТКІМІЗ КЕЛЕДІ

«Жаңа оқу жылында біздің университетте үлкен өзгерістер қолға алынып, жаңа нақты мақсаттар іске асырыла бастады. Жақында ҚазҰАЗУ құрамына 6 ғылыми-зерттеу институты мен бір тәжірибелі шаруашылық берілді. Жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының тәжірибесіне сүйене отырып, біз функционалдық интеграцияланған жүйе саналатын зерттеу университетінің заманауи институционалдық моделіне көштік: ҒЗИ – ЖОО – тәжірибелік шаруашылық, яғни ғылыми зерттеулер – кадрлар даярлау – өндіріс», - деді Ақылбек Күрішбаев ҚазҰАЗУ-ға сенімгерлік басқаруға берілген ұйымдар басшыларының қатысуымен өткен кеңейтілген кеңесте.

✅ Осыған байланысты, университеттің алдағы қызметі ғылыми-зерттеу институттарын дамытудың стратегиялық бағдарламаларын әзірлеуге, инновациялық ғылыми нәтижелер алуға және оларды өндіріске енгізуге көбірек бағытталуы керек.

✅ Кеңес барысында аграрлық ғылым мен білім беруді басқарудың тиімді және заманауи құрылымын құру бойынша белгіленетін нақты қадамдар талқыланды. Оның ішінде, мынандай мәселелер қаралды:

- әрбір ҒЗИ-дың 5 жылға арналған даму бағдарламасын дайындау;

- селекция, ветеринария, мал шаруашылығы және жеміс-көкөніс шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, АӨК экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту, т.б. салалар бойынша инновацияларды әзірлеу және өндіріске енгізу аясында мегажобаларды әзірлеу;

- ҒЗИ базасында кадрларды даярлаудың дуальды жүйесіне көшу;

- ғылымға жас ғалым кадрлардың келуіне жол ашатын жүйелі шараларды күшейту;

- ғылыми кадрларды даярлау үшін ғалымдарды және ҒЗИ базаларын тарту;

- ҒЗИ-лардың материалдық-техникалық базасын жақсарту, ғылыми зертханалар мен арнайы техниканы жаңарту, жас ғалымдарға арналған тұрғын үйлер, магистранттар мен докторанттарға арналған жатақханалар салу.

✅ Осы аталған мәселелердің барлығы ел Үкіметі бекітетін 2024-2028 жылдарға арналған ҚазҰАЗУ дамуының жаңа бағдарламасында көрініс табуы тиіс.

✅ Аграрлық зерттеу университетін жаңаша дамыту жобасы қазіргі уақытта келісімге қол қою жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатқан, АҚШ-тың жетекші университетінің бірінің бағдарламалық және әдістемелік басшылығымен іске асырылатын болады.

✅ Естеріңізге сала кетейік, ҚазҰАЗУ-ге: Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ өз тәжірибелік шаруашылығымен бірге, Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндіру ҒЗИ, Ө.О.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ҒЗИ, Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ҒЗИ, Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ҒЗИ, Қазақ АӨК экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ҒЗИ, «Меркі» ЖШС тәжірибелік шаруашылығы сенімгерлік басқаруға берілген болатын.

✅ Кеңесті қорытындылай келе, ректор Ақылбек Күрішбаев: «Ғылым – кез келген қоғамдағы ең консервативті жүйелердің бірі. Ел Президентінің алдымызға қойған міндеттерін орындау үшін, Үкіметтің тиісті қолдауымен біздің университет пен ҒЗИ ғалымдарының, оқытушыларының әлеуеті жеткілікті деп санаймын және біз ғылымды заманауи деңгейде қалай дамыту керектігін және АӨК үшін кәсіби кадрлар даярлаудың үлгісін көрсете аламыз», - деп түйіндеді өз сөзін.

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник