ҚазҰАЗУ мен НИДЕРЛАНДЫ КОРОЛЬДІГІНІҢ ӨЗАРА БАЙЛАНЫСЫ АРТЫП КЕЛЕДІ
2023 жылғы 19 қыркүйекте Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы - Ректоры, ҚР ҰҒА Вице-президенті, академик Ақылбек Күрішбаев Нидерланды Корольдігінің Қазақстандағы елшілігі Нидерланды Ауыл шаруашылығы, табиғат және азық-түлік сапасы министрлігінің Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстандағы ауыл шаруашылығы атташесі Арье Велдхуизенмен (Arie Veldhuizen) кездесті.
Кездесу барысында ҚазҰАЗУ ректоры Ақылбек Күрішбаев Нидерланд еліндегі серіктестермен бірлескен жобалар туралы айта келіп, екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі дамыту перспективалары туралы өз пікірімен бөлісті.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында аумағы 1,5 га болатын "Интенсивті бақ" Қазақстан-Нидерланды орталығы жұмыс істейді. Бұл орталық жеміс-жидек дақылдарының жаңа сорттарын өсіре отырып, жеміс шаруашылығында инновациялық технологияларды енгізу бойынша тәжірибелік демонстрациялық алаң болып табылады.
"Біздің алдымызда Қазақстан-Нидерланды орталығын құру тәжірибесін кеңінен тарату және ғалымдарымыздың әзірлемелерін өндіріске енгізу міндеті тұр. Біз Қазақстан фермерлеріне Нидерланд технологиясы бойынша заманауи бақтар салу және оларға күтім жасау бойынша көмек көрсетуге дайынбыз. Міне, осы тұрғыдан Сіздердің қолдауларыыңызға сенеміз", - деп атап өтті Ақылбек Қажығұлұлы.
Сондай-ақ, ректор оқу орнындағы қолға алынып жатқан бағдарламалар ҚазҰАЗУ студенттерінің шетелге шықпай-ақ Қазақстанда сапалы білім алуына бағытталатынын атап өтті. ҚазҰАЗУ өзінің инновациялық дамуында аграрлық мамандықтар мен орман ресурстары бойынша QS әлемдік рейтингінде №1 жоғары оқу орны болып табылатын Вагенинген зерттеу университетінің (Нидерланды Корольдігі) тәжірибесіне басшылыққа алады.
Өз кезегінде Нидерланды Корольдігінің Қазақстандағы елшілігінің Ауыл шаруашылығы атташесі Арье Велдхуизен ҚазҰАЗУ мен нидерландтық серіктестер арасындағы барлық бастамаларды қолдауға дайын екендігін білдірді.
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі