СТУДЕНТТЕРДІҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ - БАСТЫ НАЗАРДА
2023 жылдың 25 қыркүйегі күні «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің» Басқарма Төрағасы - Ректордың бірінші орынбасары, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Ибрагимов Пірімқұл Шолпанқұлұлы Алматы қаласындағы «Almaty clinic» медициналық орталығының директоры Құсайнова Дина Тұрғынбайқызымен кездесіп, медициналық қызмет көрсету бойынша бірлескен қызмет және ынтымақтастық, білім алушыларды әлеуметтік қолдау туралы келісімшартқа қол қойды.
Келісімшарт негізінде «Almaty clinic» басшысы Дина Тұрғынбайқызы медициналық орталыққа тіркелген біздің университеттің білім алушыларына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың (МӘМС) кепілдік берілген көлемі шеңберінде жоғары деңгейде медициналық қызмет көрсетумен бірге тегін дәрігерлік консультациялар, қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып, әлеуметтік жағдайы төмен студенттерді қаржылық қолдайтынын атап өтіп, университеттің ақылы бөлімінде оқитын, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған және мүмкіндігі шектеулі 5 студентіне бір жыл бойы айына 50 000 теңге көлемінде стипендия тағайындап, сертификаттар табыс етті.
Кездесуге Басқарма Төрағасы-Ректордың орынбасары, профессор А.Е.Қайырбаева, факультет декандары, Тәрбие департаментінің қызметкерлері, студент жастар қатысты.
Университетіміздің Басқарма Төрағасы – Ректоры, академик Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаевтың атынан «Almaty clinic» медициналық орталығы басшылығына Пірімқұл Ибрагимов алғысын білдіріп, еңбектеріне табыс тіледі.