ҚазҰАЗУ-ға AGROPARISTECH (ФРАНЦИЯ) УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ КЕЛДІ
2023 жылғы 23 қазанда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне профессор Бруно Ансельме бастаған «АгроПарижТех» (Франция) университетінің делегациясы келді.
✅ Сапар аясында Франциядан келген қонақтар ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы – Ректоры, ҚР ҰҒА Вице-президенті Ақылбек Күрішбаевпен кездесті. Университет басшысы оқу ордасының жетістіктері мен стратегиялық басымдықтары туралы айта келіп, бүгінгі таңда университет Францияның бірнеше жоғары оқу орындарымен тығыз ынтымақтастықта екендігін және бірлескен білім беру жобаларын іске асыру туралы келісімдер жасағанын атап өтті.
✅ «Екіжақты қарым -қатынастар мен ынтымақтастықты дамыта отырып, біздің университеттер стратегиялық серіктес ретінде қазіргі заманғы зерттеу университетінің ғылым, білім және агроөнеркәсіп саласы үшін әлемдік деңгейдегі кадрларды даярлау жөніндегі негізгі міндетін алға қояды. Бүгін ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы, биоэкономика бойынша Еуропада 3-ші және әлемде 4-ші орынды иеленген AgroParisTech университетінің делегациясын қабылдай отырып, біз ұзақ мерзімді және жемісті ынтымақтастыққа үміт артамыз, - деді Ақылбек Күрішбаев.
✅ Өз кезегінде профессор Бруно Ансельме өз университетінің қызметі туралы егжей-тегжейлі баяндап берді. Профессордың айтуы бойынша AgroParisTech - Франциядағы мемлекеттік және жоғары деңгейлі озық университеттің бірі, ол Grand Ecole жоғары және ең беделді мектептердің қатарына саналады.
«Оқу орнымыз 2001 жылы ең көне үш мектептің бірігуі нәтижесінде құрылды және қоғамның ең өзекті мәселелерін: қоршаған ортаны қорғау, орман шаруашылығындағы инновациялар, биоэкономиканы дамыту, тамақ өндірісі және орман шаруашылығы, табиғи ресурстарды басқару жағдайын ғылыми тұрғыда шешуге ықпалын тигізеді», - деп атап өтті профессор.
Бруно Ансельме өздерін ықыласпен жылы қабылдағаны және еліміздің жетекші университетінің агросектор саласындағы қызметімен танысуға мүмкіндік жасағаны үшін ҚазҰАЗУ басшылығына алғысын білдіріп, бәсекеге қабілетті кадрлар мен ғылыми әзірлемелерді бірлесіп дайындауға мүмкіндік беретін бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
✅ Кездесу қорытындысы бойынша кәсіби салада жоғары білікті кадрларды даярлауға бағытталған іргелі білім беруді іске асыруға; пәндерді оқытуда заманауи білім беру технологияларын, тәсілдер мен инновациялық әдістерді қолдануға; студенттердің академиялық алмасуына және т.б. бағыттарды дамыту жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
ҚазҰАЗУ баспасөз қызметі