KazNARU

ҚазҰАЗУ-дың БІРІНШІ КУРС СТУДЕНТТЕРІ ҮШІН «СТУДЕНТТЕР ҚАТАРЫНА ҚАБЫЛДАУ» САЛТАНАТЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ 

Адам баласының өмірінде мәңгілік есте қаларлықтай екі үлкен белес бар. Бірі – үлкен өмірге қадам басып, жоғары оқу орнына түсуі, екіншісі – сол оқу ордасын абыроймен бітіріп дипломын алуы.

2023 жылдың 23 қазанында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің бірінші курс студенттері үшін Алматының ең әсем «Бақшасарай» салтанат сарайында «Студенттер қатарына қабылдау» салтанаты ұйымдастырылды.

✅ Соңғы жылдары үлкен ауқымда, алғаш рет ұйымдастырылып отырған бұл маңызды іс-шараның 25 қазандағы Ұлттық мерекеміз  – Республика күні қарсаңында өткізудің өзіндік мәні зор. Университеттің басты мақсаты айқын, ол егемен еліміздің ертеңгі болашағы – студент жастарымызға сапалы, заманауи білім беріп, кәсіби, отаншыл, жаңа, әділетті Қазақстан құратын саналы азаматтарды тәрбиелеу. 

✅  «Жүз жылға жуық бай шежіресі бар біздің университетіміз – еліміздегі аграрлық саладағы ең байырғы жоғары оқу ордасының бірі. Бүгінгі күнге дейін осы білім ұясынан 150 мыңнан астам маман түлеп ұшқанын мақтанышпен айта аламыз. Олардың арасынан Премьер-министрлер, Үкімет мүшелері, облыс әкімдері, Парламент депутаттары, белгілі кәсіпкерлер, 30-ға жуық Еңбек Ері мен Кеңес Одағының батырлары,  танымал академиктер мен ғылым докторлары шықты. Сіздер де сол алдыңғы буынның абыройлы көшін жалғастырар ұрпақтың бақытты өкілісіздер. Біздің университетте білім культі маңызды болуы тиіс. Сіздер мен біздің мақсатымыз – әділетті университет құру. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді аталарымыз. Ендеше, сол алтын ұямыз дұрыс болу керек. Әділетті болу керек! Университетіміздің бұрынғы дәуірлеген даңқын қайтаруға бірге күш салайық. Сіздерге ақ жол тілеймін!» деді университет басшысы Ақылбек Қажығұлұлы.

✅  Дүбірлі мерекелік салтанатты кешке белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, Алматы қаласы жастар саясаты басқармасының басшылары, Францияның «АгроПарижТех» университетінің Бруно Ансельми бастаған профессорлары,  зиялы қауым өкілдері, университеттің ардагер ұстаздары, бітіруші түлектері, студент жастар мен ата-аналар қатысты.

✅  Жиналған қонақтардың атынан белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Қамқоршылық Кеңесінің төрағасы Амандық Баталов арнайы құттықтап, бірінші курс студенттеріне сәт сапар тіледі.

«Сіздер – еліміздің ертеңгі болашағысыздар, мемлекетіміздің жаңа тарихында өзінің бірегей ізін қалдырар айбынды жастарсыздар. Ауыл шаруашылығы мен өндірісімізді өркендетіп, инновациялық жаңа технологияны өмірге ендіретін сіздер боласыздар. Алғашқы қадамдарыңыз сәтті болсын! Баршаңызды халқымыздың рухын асқақтатып, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын Республика күнімен құттықтаймын!», - деді Амандық Ғаббасұлы.

✅  Биылғы жаңа оқу жылында біздің университетімізге 1681 студент қабылданды. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 15 пайызға жоғары. Осы студенттік өмірге алғаш аяқ басқан бірінші курс білім алушыларға символдық «Білім кілті» мен «Студенттік билет» тапсырылды.

Қабылдау кешінде университеттің өнерлі жастары мен «Алтын дән» вокалды-инструменталды ансамблі, Шоу - балет «Вlockbuster», университеттің «Фаворит» КВН командасы, бишілер тобы, Латынамерикандық әнші Де Ла Круз және Қазақстан эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, ән-жырдан шашу шашты.

Алматының орталығындағы ең көрікті, ең әсем салтанат сарайында есте қаларлықтай әсерлі кеш ұйымдастырып, балғын жастарға тамаша мерекелік көңіл-күй сыйлаған университет басшылығына бірінші курс студенттері өздерінің ризалышықтарын білдіріп, жүректен шығарған өлең-жырларын арнады.

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі


---------Chatbot---------
виртуальный помощник