KazNARU

РЕСПУБЛИКА КҮНІН ҚазҰАЗУ ҰЖЫМЫ ҮЛКЕН ЖЕМІСТІ НӘТИЖЕЛЕРМЕН ҚАРСЫ АЛДЫ

Республика күні қарсаңында  Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің университеттің профессор-оқытушылар құрамы және қызметкерлерінің қатысуымен Акт залында ардагер ұстаздардың, оқытушылар мен қызметкерлердің және арнайы шақырылған өнер жұлдыздарының қатысуымен салтанатты іс-шара болып өтті.

✅  ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы - Ректоры, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Ғылым Академиясының Вице-президенті Ақылбек Күрішбаев өзінің құттықтау сөзінде Қазақстанның егемендігі туралы Декларация 1990 жылы 25 қазанда Алматыда қабылданғанын еске алып өтті.

Бұл аса маңызды құжат – еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектеген тұңғыш тарихи құнды жәдігер! Өркениетті мемлекеттің барлығына тән демократиялық қағидаларды толық қамтитын Декларация – осындағы әрбір азаматтың өзін тең сезінуіне және құқықтарының сақталуына берік негіз болып, жасампаз жаңа дәуірге кең жол ашты. 

Бүгінде Қазақстан кең байтақ жері бар, жаңа Астанасы  мен ортақ Отаны бар, дүние жүзінің озық елдерінің қатарына қосылған тұғыры берік, мақсаты айқын әлем таныған қуатты мемлекетке айналды. 

✅  «Туған еліміздің гүлденіп, экономикасы мен әлеуметтік-қоғамдық өмірінің өсіп-өркендеуіне, руханият пен ғылым-білімнің, өндіріс пен ауыл шаруашылығының дамуына сіздер де сүбелі үлес қосып келесіздер. Оқу ордамыз бүгінгі күні заман талаптарына сай жаңа бағытта даму үстінде. Біздің басты мақсатымыз – оқу сапасына қол жеткізу, цифрлы университет құру, халықаралық талаптарға сай, нағыз ғылыми зерттеу оқу орнына айналу. Осы міндеттерді жүзеге асыру бағытында биылғы жылы талай ауқымды шаруалар атқарылды. Еңбектеріңіз еселене берсін! Ортақ мерекеміз құтты болсын!», - деді университет басшысы Ақылбек Қажығұлұлы.

✅  Үздіксіз жүргізілген жүйелі жұмысының нәтижесі де көңіл қуантарлық. ҚазҰАЗУ QS халықаралық рейтингісінде 2023 жылы үлкен серпіліс жасап, 481-ші орынды иеленді. Сондай-ақ, QS WORLD UNIVERSITY рейтингісі бойынша әлемнің 2963 жоғары оқу орны арасында Қазақстандық үздік 5 ЖОО қатарына енді.

✅  Тағы бір үлкен қуанышты жаңалық – Республика күніне орай Мемлекет басшысының жарлығымен  Басқарма Төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары, в.ғ.д., профессор Ибрагимов Пірімқұл Шолпанқұлұлы «Құрмет» орденімен марапатталды.

Сондай-ақ, ұзақ жылдар университетте еселі еңбек етіп келе жатқан 12 қызметкеріміз – Зухра Омашева, Света Сагимбаева, Оксана Чумак, Айгүл Жұмабаева, Алмас Сафаргалиев, Қуаныш Жоламанов, Олег Кузнецов, Бақтыгүл Раимбекова, Қарлығаш Мұратбекова, Алмас Пардабеков ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы-Ректорының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Марапаттарыңыз құтты болсын, құрметті әріптестер!

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник