KazNARU

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ IV ОТЫРЫСЫНДА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЗАҚ МЕРЗІМДІ ДАМУ БАҒЫТТАРЫН АЙҚЫНДАДЫ

✅ Бүгін Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықты толғандырып отырған өзекті мәселелерді көтеріп қана қоймай, оларды шешудің жолдары туралы кесімді байламын айтты және Қазақстанның ұзақ мерзімді даму бағыттары бойынша да өз ұстанымдарын ортаға салды.

Атап айтқанда, мәдени-рухани саланы, білім мен ғылымды, ішкі саясатты, экономикалық және әлеуметтік саланы дамыту бойынша көптеген өзекті мәселелер талқыланады. Мемлекет басшысы адам әлеуетін дамыту, ірі инфрақұрылымдық, көліктік, энергетикалық жобаларды жүзеге асыру, агроөнеркәсіптік саланы дамыту, цифрландыру және жасанды интеллект жүйелерін дамыту жөніндегі арнайы тапсырмалар берді.

✅ Мемлекет басшысы елімізде білім мен инновацияға негізделген дамыған әрі жоғары технологиялық экономика қалыптасуы керек екендігін алға тартты.

«Біз еліміздің әлеуетін нығайта түсуіміз керек, яғни азаматтардың мұң-мұқтажына құлақ асатын және ең бастысы, мәселені тиімді шеше алатын әлеуеті мықты ел болуымыз қажет. Сондықтан білім мен инновацияға негізделген дамыған әрі жоғары технологиялық экономика құруға тиіспіз. Мұның бәрі азаматтар үшін жасалады. Себебі адам – біздің мемлекетіміз үшін ең басты құндылық», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

✅ Ұлттық құрылтай жұмысы жүйелі жүргізіліп, жыл өткен сайын тақырып аясы кеңіп, елдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелер оң шешімін тауып келеді. Мәселен, 2019 жылдан бері Қазақстан экономикасы 15,5 пайызға нақты өсім көрсетті.

«Бұл аралықта еліміздің ішкі жалпы өнімі 288 миллиард долларға жетті, ал жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 46% жуық артып, 14 мың доллардан асты. Сыртқы сауда айналымы 45% жуық өсіп, 140 миллиард доллар болды. Негізгі капиталға салынатын инвестиция 1,5 есеге ұлғайды. Былтыр оның көлемі 19 триллион теңгеден асты», − деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

✅ Ал білім-ғылым саласына құйылған инвестиция 5 еседен астам, көлік саласына 3 есеге жуық, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласына 3,5 есе көп салынған. Осы уақытта 500-ден астам мектеп бой көтерді. Көптеген денсаулық сақтау, спорт және басқа да әлеуметтік нысандар ашылды. 4400 шақырымға жуық автокөлік жолдары салынды және жөнделді. Жаңа темір жол желілері пайдалануға берілді. Ондаған өндіріс орны іске қосылды.

«Меніңше, Қазақстанның кемінде төрт салада орасан зор мүмкіндіктері бар. Осы салаларда біз өз елімізді қамтамасыз етіп қана қоймай, аймақтық, тіпті, жаһандық ауқымда ықпалымызды жүргізе аламыз. Цифрландыру ісі мен жасанды интеллект, көлік тасымалы, энергетика, агроөнеркәсіп кешені және адам капиталы негіз болады», - деді Мемлекет басшысы.

✅ Президенттің пайымдауынша, Қазақстан цифрландыру мен жасанды интеллектіні қолдану ісінде еліміз өте зор жетістікке жете алады. Қазақстан қазірдің өзінде БҰҰ Электронды үкіметтің даму деңгейі жөніндегі рейтингінде 190 мемлекеттің ішінен алғашқы 25 елдің қатарына кіріп тұр.

«Бірақ, мұнымен шектеліп қалуға еш болмайды. Үкімет озық цифрлық тәсілдерді және жасанды интеллектіні жаппай енгізу үшін қолайлы орта қалыптастыруға арналған жұмысты еселеп күшейтуге тиіс», - деді Мемлекет басшысы.

✅ Қазақстан алдағы бес жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімін екі есе көбейтіп, саланың еңбек өнімділігін үш есе арттыру керек. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің алдына ауыл шаруашылығын шұғыл көтеру міндетін қойды.

«Еліміздің әуелгі мүмкіндіктеріне қарасақ, біз әлдеқашан әлемдегі алпауыт аграрлық мемлекеттің бірі болуға тиіс едік. Бірақ ауыл шаруашылығына жеткілікті қаржы салынған жоқ. Бұл саланы жемқорлар мен алаяқтар иемденіп келді. Олардың ішінде мемлекеттік қызметшілер де болды. Жалған мәліметтердің кесірінен мемлекет қағаз жүзіндегі мал санына жылдар бойы субсидия төледі. Біз алдағы бес жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімін екі есе көбейтіп, осы саладағы еңбек өнімділігін үш есе арттыруымыз керек. Бұл – өте маңызды міндет. Қазақстан 10 жыл ішінде бидайды терең өңдеп, дайын өнім өндіретін және оны әлемдік нарыққа шығаратын ең үздік он елдің қатарына қосылуға тиіс», - деді Мемлекет басшысы.

✅ Президент өз сөзінде қазақстандықтарға ортақ арман-мұрат болуға тиіс құндылықтарды атады. Олар Әділетті, Қауіпсіз, Таза, Қуатты Қазақстанды құру идеясынан бастау алады. Біз баршаға және әркімге зор мүмкіндік беретін мемлекет құрып жатырмыз.

«Бұл – әр азамат өз қабілетін шыңдап, адал еңбегімен отбасын асырай алатын ел болу деген сөз. Мемлекеттің тағдыры мен ұлтымыздың берекелі өмірі осыған тікелей байланысты. Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек. Алдағы бірнеше он жылдыққа көз тігіп, ауқымды шаруаларды кезең-кезеңімен атқаруымыз қажет. Себебі дұрыс мақсат қоя білсек қана, табысқа жете аламыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

✅ Президент ел Тәуелсіздігінің алдағы 40 жылдығын лайықты қарсы алудың міндеттерін атады.

«Осы маңызды белеске қандай жетістікпен жетерімізді, оған дейін қандай тарихи міндеттерді орындауға тиіс екенімізді нақты білу маңызды. Біз шындыққа тура қарауымыз керек. Еліміз бәрінен оза шауып, барлық салада және барлық бағытта бірінші қатарда бола алмайтынын түсінуіміз қажет. Сондықтан біз өзіміздің басқалардан басым түсетін мықты тұстарымызды жақсы білуге тиіспіз, - деді Қасым Жомарт Тоқаев.

✅ Бұған дейін Ұлттық Құрылтайға қатысушылар «Азаматтық қоғам», «Мәдениет. Өнер. Руханият», «Білім және ғылым», «Әлеуметтік-экономикалық даму» секцияларына қатысып, елдегі өзекті мәселелерді көтерген еді. Бұл талқылау алаңында құрылтай мүшелері қосымша құн салығына қатысты сұрақтарды, сондай-ақ отандық өндірісті ұлғайту, еңбек қауіпсіздігін күшейту және шикізат өндірісін дамыту жолдары туралы ұсыныстарын ортаға салады.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник