АЛМАТЫДА 18 МЕМЛЕКЕТТЕН КЕЛГЕН АГРАРЛЫҚ САЛАДАҒЫ ЖАС ҒАЛЫМДАРДЫҢ ФОРУМЫ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ӨТІП ЖАТЫР
Бүгін Алматыда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы мен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті бірлесе ұйымдастырған «Жас ғалымдардың диалогы: SCIENCE TALKS» атты ІІІ халықаралық форумы өз жұмысын бастады.
Екі күндік форум жұмысына Қазақстаннан өзге АҚШ, Жапония, Ұлыбритания, Польша, ҚХР, Түркия, Ресей, Гонконг, Австралия сияқты 18 елден 53 жоғары оқу орындары мен 31 ғылыми зерттеу институттарынан 500-ден аса жас ғалымдар офлайн/онлайн форматта қатысуда.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Біздің студенттеріміз бен жас ғалымдарымыз реформаларға қолдау білдіріп, өзгерістерге сенетіні сөзсіз. Біз бұл өзгерістердің бәрін еліміздің келешегі – бүгінгі және ертеңгі жастар үшін жасап отырмыз. Біз мемлекет пен қоғам дамуының жаңа бағыт-бағдарын тек бірге айқындай аламыз» деп әрдайым айтып келеді.
Форумның негізгі мақсаты да осыдан туындайды – жас ғалымдардың шығармашылық белсенділігі мен ғылыми-зерттеу дағдыларын дамыту, оларды қазіргі ғылымның өзекті міндеттерін шешуге тарту, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен, су ресурстарын тиімді пайдалану, қоршаған орта мен экология мәселерін шешуге бағытталған ғылыми зерттеу жұмыстарын дәріптеу мен ел экономикасының индустриялық-инновациялық дамуына жәрдемдесу.
Жиынға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті, б.ғ.д., профессор Закарья Күнсұлу Дальтонқызы ғалымдарды, оның ішінде, жас ғалымдарды қолдау – отандық ғылымды жоғары деңгейге көтерудің бірден-бір жолы екенін атап өтіп, форум жұмысына сәттілік тіледі.
«Осы орайда Мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес, талантты әрі жас ғалымдарды ғылыми ортаға тарту мақсатында, Ұлттық ғылым академиясының жанынан ғылымның басым бағыттары бойынша Жас ғалымдардың жұмыс тобы құрылған. Оның құрамына 1000-нан аса өтінімдер, түйіндемелер қаралып, оның ең үздік, беделді 500 жас ғалымы мүшелікке еніп, арнайы бұйрықпен бекітілді. Біздер, Ұлттық ғылым академиясы ғылымды дамытудағы түрлі пікірлер мен ұсыныстарға ашық екенімізді жеткіземін. Сонымен қатар, осында бас қосқан жас зерттеушілер алдағы уақытта, отандық ғылымға үлкен жаңалықтар мен өзгерістер енгізеді деп сенемін. Сіздерді Ұлттық ғылым академиясы құрамынан көргіміз келеді», - деп атап өтті Күнсұлу Дальтонқызы.
Спикердің айтуынша, бүгінге дейін Астана және Алматы қаласында, түрлі жоғары оқу орындарында, белгілі қоғам қайраткерлерінің қатысуымен аталған жұмыс топтарының бірнеше отырысы өткізіліп, ғылымды дамыту бойынша және «Ғылым және технологиялық саясат» заң жобасына ұсыныстары қаралып, қарар әзірленді. Бүгінгі халықаралық форумның жұмысына аталған жұмыс топтарының мүшелері де белсене атсалысып, пленарлық мәжілісте, секциялық отырыстарда баяндама жасап, ертеңгі көрмеде өз әзірлемелерін таныстыратын болады.
Бұдан кейін сөз алған ҚР Ұлттық ғылым академиясының Вице-президенті, ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы-Ректоры Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы гибридті форматта өтетін секция отырыстарына 426 өтінім келіп түскенін, пленарлық мәжілістен кейін 7 секциялық отырыстарда өзара пікір алмасулар мен ғылыми баяндамалар жалғасатынын атап өтті.
«Ертең бағдарламаға сәйкес, жас ғалымдардың ғылыми жетістіктерінің көрмесі, сондай-ақ ғылыми жұмыс нәтижелерін коммерцияландыру, шетелдік жоғары рейтингті журналдарға мақала жариялау бойынша беделді әлемдік деңгейдегі ғалымдар өз тәжірибесімен бөлісетін 5 мастер класс өткізіледі. Бүгінгі форумның тағы бір ерекшелігі, жасөспірімдер арасында ғылымды дәріптеу, жас зерттеушілердің ғылымға бет бұруын, қызығушылығын арттыру мақсатында тұңғыш рет форум жұмысына еліміздің 4 облысынан 70-тен аса дарынды мектеп оқушылары үздік ғылыми жұмыстарымен қатысуда», - деді Ақылбек Қажығұлұлы.
Қазақстан – әлемдегі ең жас мемлекеттің бірі. Еліміздегі азаматтардың орташа жасы – 32 жасты құрайды. Тұрғындардың үштен бірі – жастар, яғни еліміздің ғылымға негізделген, инновациялық технологиясы дамыған ел болуы жолында талантты жастардың халықаралық ғылыми жетістіктерді меңгеруінің орны ерекше.
Пленарлық мәжілісте Қытай ауылшаруашылық университетінің профессоры, PhD Вэнфэн Лю «Әлемдік егін үшін суарудың маңыздылығы», Беларусь Ұлттық ғылым академиясының химия және жер туралы ғылымдар бөлімінің академик-хатшысы Алексей Труханов «Беларусь Ұлттық ғылым академиясы жас ғалымдарының зерттеулері», ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жобалық кеңсесінің жобалар тобының басшысы Айдын Сабитов «Ғылымға бейімделген стартап-жобаларды коммерцияландыру», Варшава жаратылыстану ғылымдары университетінің профессоры, PhD Ярослав Чорманский «Қашықтықтан зондтау су, орман және жер ресурстарын ұтымды пайдалану құралы ретінде», Париж технологиялық институтының (АгроПарижТех) профессоры Ансельм Бруно «ҚазҰАЗУ мен Тіршілік, азық-түлік және қоршаған орта туралы ғылым бойынша Париж технологиялық институтының ынтымақтастық даму болашағы туралы» тақырыпта және бірқатар ғалым-зерттеушілер өз баяндамаларын ортаға ұсынды.
Модератор: Алиханов Қуантар Дәуленұлы – PhD, Қазақстан
Республикасы Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Агробиоресурстар және экология басқармасының басшысы.
Екі күнге созылатын «Жас ғалымдардың диалогы: SCIENCE TALKS» атты ІІІ халықаралық форумында қаралатын өзекті мәселелер, ғылымды дамытудың тиімді жолдары агроөнеркәсіп кешенінде үлкен серпіліс туғызып, өз нәтижесін беретініне сенім мол.
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі