Ғылымдағы жас ғалымдар
Қазіргі таңда ғылыми қоғамдастық жас ғалымдардың жұмысына айтарлықтай көңіл бөліп, қолдау көрсетуде. Олардың ынтасы, алға қойылған міндеттерге заманауи көзқарасы және нәтижеге жетуге деген ұмтылысы ғылыми танымға үлкен үлес қосады.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің жас ғалымдары «2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша жас ғалымдарды гранттық қаржыландыру конкурсы» (Қазақстан Республикасы ғылым және білім министрлігі) жобасы аясында ғылыми-зерттеу жұмыстарын бастады. Жоба тақырыбы: AR 19579056 «Иммуномодуляциялық қасиеті бар бие сүті негізінде емдік-профилактикалық тамақтандыру өнімдерін алу технологиясын әзірлеу». Жобаның ғылыми жетекшісі «Азық-түлік жобаларының технологиясы және қауіпсіздігі» кафедрасының аға оқытушысы PhD докторы Тоғжан Боранбаева, жоба орындаушылар докторанттар мен жас мамандар: Тойшыманов Мақсат, Досимова Жанна, Жәлелов Дулат, Болат Аяжан және Жүнісбек Аружан құралған.
Қазіргі заманғы тамақ өнеркәсібі – Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығын дамытудың негізгі бағыты. Бұл тұрғыда сүт және сүт өнімдері халықты қоректік заттармен қамтамасыз етіп қана қоймай, иммундық жүйені нығайтуға көмектесетін маңызды рөл атқарады.
Бұл зерттеудің мақсаты - сүт өнімдерінің сапасын жақсарту ғана емес, сонымен қатар денсаулыққа пайдалы әсер ететін өнімдерді жасау. Жас ғалымдар бие сүтін тереңдетіп өңдеп, емдік-профилактикалық қасиеті бар жаңа функционалды ашытылған сүт өнімін шығаруға көңіл қоюда.
Бірінші кезеңде сүтті жинау, физикалық-химиялық көрсеткіштерін, сонымен қатар бие сүтінің сапасы мен қауіпсіздігін зерттеу жұмыстары жүргізілді.
Бұл жоба халықтың денсаулығын жақсартуға, денсаулықты нығайтатын өнімдердің жергілікті өндірісін дамытуға және әртүрлі аурулармен, соның ішінде асқазан-ішек жолдары мен пневмониямен ауыратын адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Ұзақ мерзімді перспективада бұл ұлт денсаулығына күшті оң әсер етіп, тамақ өнеркәсібін дамытудың табысты кезеңіне айналуы мүмкін.