ЖЫЛҚЫ – ТӨРТ ТҮЛІКТІҢ ТӨРЕСІ, ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ ЫРЫСЫ
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында «Кетбұқа – Төлегетай» Халықаралық қоғамдық қоры мен «Зооинженерия және тағам өндірісінің технологиясы» факультетінің ұйымдастыруымен «Қазақстанның шығыс, солтүстік-шығыс, оңтүстік-шығыс аймақтарында аудандастырылған қазақ жылқы өсіру мәселелері» тақырыбындағы республикалық дөңгелек үстел болып өтті.
Қазақ халқының дүниетанымында жылқы – аса киелі жануар. Аңқасы кеуіп тұрса да, ешқашан лай суды ішпейді. Жеті қазынамыздың біріне баланған жылқының туған жері мен жүрген жерін ешқашан ұмытпайтын қасиеті бар. Одан бөлек, ғалымдар жылқының еті мен сүті, қымызы сан түрлі ауруға ем болатынын дәлелдеген. Бабаларымыз «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек» деп бекер айтпаған.
Ал, осы ұлттық болмысымызды айқындайтын рухани құндылықтардың көшін бастаған қазақы жылқыны өсірудің бүгінгі жай-күйі мен болашағы қалай? Міне, алқалы жиында бас қосқан белгілі зерттеуші ғалымдар, жылқы өсіруші мамандар, атбегілер, ғылыми-зерттеу институтары мен қоғамдық ұйымдардың жетекшілері осы сауалдың төңірегінде ашық пікір алмасып, өз ойларын ортаға салды.
Дөңгелек үстелді ашып, жүргізген KazNARU Басқарма Төрағасы -Ректордың бірінші орынбасары, в.ғ.д., профессор Пірімқұл Ибрагимов өзінің алғы сөзінде қазақы жылқыны өсірумен қатар, оны асыл¬дандыру, жылқының бойындағы табиғи қасиеттерін жетіл¬ді¬¬ріп отыруды қазіргі заманның басты талабының бірі ретінде атап өтті.
«Бүгінгі күні Қазақстанда статистика бойынша 4,5 мыңдай жылқы малы бар екен. Соның қаншасы қандай мақсатқа пайдаланылатынын ғылым ғана дәл айқындап бере алады. Өйткені, ет өндіруге арналған тұқымдар мен далалық ауыр жұмыстарға, жүк тартуға арналған күшті аттар бір бөлек, ал спорттық және аламан бәйгеге арналған жүрдек түрлері бір бөлек екені анық. Біздің қазақы жыл¬қының ерекшелігі – еті мен сүт¬¬тілігінде, төзімділігінде. Әрі оның бойында жабайы жыл¬қы¬¬ның гені сақталған. Жылқы шаруашылығы үшін аса маңызды осы жиынның біздің оқу орнында өтуі заңдылық. Себебі Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ғалымдары осы мәселемен жүйелі айналысып келе жатқан бірден-бір ғылыми топтың өкілдері. Оны қазір өздері де таратып айтар. Мен университет басшылығының атынан дөңгелек үстел жұмысына сәттілік тілеймін», - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.
Ұлы даланың перзенттері жылқы өсіру мен атқа міну мәдениетін ежелден бірінші орынға қояды. Қазақы жылқының тұқымын қалыптастыру жүздеген жылдар бойы жалғасып келеді. Ұлттық ойындарымыздың дені – көкпар, жамбы ату, аударыспақ, теңге алу, қыз қуу, бәйге осы өзіміздің атпен тікелей байланысты.
Осы дөңгелек үстелді өткізуге бастамашы болған танымал атбегі, Абай облысынан арнай келген Мәулітқазы Құлжатаев ақсақал, Қазақ Ұлтық ғылым академиясының академигі, профессор Түлеухан Садықұлов, Қонаев Университетінің профессоры Өмірбек Жалаири белгілі себептерге байланысты тамыры үзіліп қалған осы саланы түбегейлі зерттеп, жылқы түрінің асыл тұқымдық құндылығын арттыру, жаппай өсіру технологиясын дамыту қоғам болып айналысатын мәселе екендігіне баса назар аударды.
Бұдан кейін белгілі қоғам қайраткері, «Кетбұқа – Төлегетай» Халықаралық қоғамдық қорының жетекшісі Айбек Кәрімов «Қазақстанның шығыс, солтүстік-шығыс, оңтүстік-шығыс аймақтарында аудандастырылған қазақ жылқы өсіру мәселелері»; KazNARU профессоры Қайрат Исхан «Қазақстандағы жылқы шаруашылығының бүгіні және болашағы»; Қазақ Мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ҒЗИ Жылқы шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, а.ш.ғ-к. Дәурен Сыдықов «Жылқыны генетикалық сертификациядан өткізу тәжірибесі»; «Арман тұлпарлары» ат спорты федерациясының президенті Орынбасар Құлбеков «Адай жылқысын рәсімдеу тәжірибесі» атты тақырыптағы баяндамаларын ұсынды.
Жарыссөз барысында танымал этнограф, тарих ғылымының докторы Ахмет Тоқтабай, Ветеринария ғылымының докторы, профессор Еркін Қасымов т.б. бірқатар белгілі мамандар қазақ жылқысы, оның ішінде адай мен найман, мұғалжар, көшім, жабы жылқыларының кең таралғанын айта отырып, олардың тұқымын дамыту туралы ұсыныстарымен бөлісті.
Атап айтқанда, жылқытанушы ғалымдар адай типінің алыс жолға төзімділігіне қоса, ұшқырлық қасиетін арттырып, ерекше тұқым шығаруды қолға алуда. «Жабы» жылқысының «Наймандық типі» деген түрін Шығыс Қазақстан облысының таулы аймақтарында өсіру қолға алынуда. Алайда, Ұлы дала төсінде жылқы малын көбейту, оның өнімділігін арттыруға ниет етіп отырған ғалымдардың жоба-жос¬парларына мемлекеттік қолдаудың аса қажеттілігі сезіледі дейді пікір айтушылар.
Жиын қортындысында:
- Қазақстанның шығысында қазақы жылқының ғылыми негізделген белгілі мөлшердегі санының тегін аранйы зертханаларда нақтылап, ғылыми тұрғыда бекіту;
- «Мал шаруашылығын асылдандыру туралы» ҚР заңының балама жобасын жасап, ғалымдар арасында талқылау;
- Ат спортының олимпиадалық түрлерін елімізде барынша дамыту;
- Жылқы шаруашылығының маңыздылығын насихаттау барысында жергілікті атқарушы органдармен кәсіптік бағдар бойынша жұмысты жандандыру сияқты мәселелерді жоғары мемлекеттік органдар тарапына ұсыну туралы Қарар қабылданды.
KazNARU Баспасөз қызметі