KazNARU

МАМАНДЫҚТЫ ДҰРЫС ТАҢДАУҒА КӨМЕКТЕСУ – ЖАСТАРДЫҢ БОЛАШАҒЫН ДҰРЫС АЙҚЫНДАУҒА КӨМЕКТЕСУ

2024 жылдың 14 мамырында «Ұлытау» қайырымдылық қорының  қолдауымен Ұлытау және Қарағанды облыстарының 15 профориентолог мамандары Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінде болып, оқу ордасының тыныс-тіршілігімен, білім беру бағдарламалары және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен танысты.

✅ Профориентолог мамандардың арнайы келудегі мақсаты – өңірлердегі мектеп бітірушілерге алдағы уақытта мамандықты дұрыс таңдауға бағыт беру, ауылшаруашылығы маманы боламын деген талапкерлерге Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті туралы толық ақпарат жеткізу.

✅ Қонақтармен кездесу барысында KazNARU Басқарма Төрағасы - Ректордың орынбасары Айтжан Абдыров 95 жылдық тарихы бар оқу ордасының инновациялық жаңалықтарын, факультеттердің ерекшеліктерін айта келе, жас ұрпақ өмірінде мамандық таңдаудың маңызы зор екенін және оларды аграрлық университетте білім алуға бағыттау қоғамның ортақ парызы екенін атап өтті.

✅ Проректор өз сөзінде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің 2024-2030 жылдарға арналған Даму бағдарламасы Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапқанын айта келіп, әлемдік тәжірибелерге сәйкес, «ғылым – білім – өндіріс» жүйесі негізінде KazNARU, 4 ҒЗИ және бір тәжірибелік шаруашылық қосылып, сапалы зерттеу университетінің жаңа деңгейіне көтерілгеніне тоқталды.

 «Біздің университет халықаралық білім беру жүйесінде өзіндік орны айшықталған ежелгі оқу ордасы. Бүгінде Орталық Азия ЖОО-лары арасында 6-шы орынға шығып, Қазақстандық үздік 5 университеттің қатарына еніп отыр. Әлемдік даму үрдісіне сай бүгінде цифрлы университет құру жұмыстары қолға алынуда. Тұңғыш рет ақпараттық коммуникациялық технология арқылы оқытудың жаңа форматы – онлайн оқу жүйесі енгізілді. Сондай-ақ, білім алушыларымыз әлемнің озық университеттерінде бір мезгілде қатар оқып, екі диплом алу мүмкіндіктеріне ие болуда», - деді Айтжан Мұхамеджанұлы.

✅  Университет базасында су ресурстарын ақылды басқару үшін «Цифрлық зертхана» құру, «Ташкент Ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» ұлттық зерттеу университетінің су шаруашылығы мамандарын даярлау жөніндегі филиалын ашу бойынша жұмыстар басталды. 

✅ Ең басты жаңалық – биыл Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің бұйрығымен оқыту жүйесінде «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» білім беру топтарына қабылдаудың шекті баллы 50-ге түсірілді. KazNARU қабырғасында білім алушылардың басым бөлігі ауыл мектептерінің түлектері екенін ескерсек, енді оларға ауыл шаруашылығына аса қажетті мамандықтарды игеруге жасыл жол ашылды.

✅ Білім алушылар үшін оқу ордамызда әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар толық жасалған. KazNARU Алматы қаласында өз студенттерін жатақханамен толық қамтамасыз еткен жалғыз университет атанды. 

✅ Кездесу барысында қонақтар Университет мұражайында, Вагенинген Институты, АгроХаб, Қазақстан-Жапон инновациялық орталығы, Өсімдіктерді микроклоналды көбейту, Сүт және сүт өнімдерінің референттік зертханаларында болып, ғылыми-зерттеу процестерімен жақын танысты. 

✅ «Ұлытау» қайырымдылық қорының  «Кәсіби бағдар беру» жобасының жетекшісі Әсем Оразбекова оқу ордасының бүгінгі қадамдарына ризашылығын жеткізіп, жүзеге асылырлған инновациялық жетістіктер талапкерлердің қажетті мамандықтарды таңдауына ықпалы тиетініне сенім білдірді.

«Біздің профориентолог мамандарымыз бүгін ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, көкөніс шаруашылығы, машина жасау және тағам өндірісі сияқты көптеген салалардың қыр-сырымен танысты. Қосымша материалдар алдық. Осының бәрін елге барған соң, мектептерге таратамыз. Біздерге керемет ақпараттық іс-шараны ұйымдастырып, қолдау білдіргені үшін университет басшысы Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлына алғыс айтамыз», - деді  топ жетекшісі Әсем Сатыбалдықызы.

KazNARU Баспасөз қызметі.
 

 

---------Chatbot---------
виртуальный помощник