KazNARU АҒА ОҚЫТУШЫСЫ ГҮЛСІМ АЙТХОЖАЕВА – МЕМЛЕКЕТТІК «ЖАС ҒАЛЫМ» ЖОБАСЫНЫҢ ИЕГЕРІ
Ғылым мен тәжірибені ұштастырып жүрген жас ғалымдардың бірі – Қазақ ұлттық аграрлық зертету университетінің «Жер ресурстары және кадастр» кафедрасының аға оқытушысы, PhD, Халықаралық кеңсенің жоба менеджері Айтхожаева Гүлсім Сұлтанқызы.
Ол жақында өзінің университеттегі бес әріптесімен қатар, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2024-2026 жылдарға арналған «Жас ғалым» жобасының иегері атанды.
Баршаға белгілі, Жер қойнауында адамның тіршілік әрекетіне қажетті байлықтың аса маңызды қоры жинақталған. Сондықтан, жер ресурстарын қорғау және тиімді пайдалану үшін мемлекеттік жер кадастры жүргізіледі. Кадастрде әр жер учаскесі үшін физикалық сипаттамалары, оның кадастрлік нөмірі, орны, шекарасы, т.б. толық келтіріледі.
Жер кадастрын жүргізу, табиғи және шаруашылық жағдайына байланысты жер пайдалануды есепке алу, бағалау және жоспарлар мен бағдарламаларды ғылыми негіздеп отыратын білікті мамандар KazNARU базасында дайындалады.
Гүлсім Айтхожаева сондай білікті мамандардың алдыңғы қатарындағы жас зерттеушінің бірі. 2016-2018 жылдар аралығында Германиядағы Лейбниц атындағы Өтпелі экономикасы бар елдердегі аграрлық даму институтында зерттеу тағылымдамасынан өтті.
2022 жылы «Кадастр» мамандығы бойынша PhD дәрежесін қорғап, сол жылдан бері «Жер ресурстары және кадастр» кафедрасында қызмет атқарып келеді. Негізгі мамандандырылған бағыты – аграрлық саясат, жер нарығы, ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану, жерді тұрақты пайдалану, азық-түлік қауіпсіздігі, карбон егіншілігі.
2015-2019 жылдар аралығында Германияның Volkswagen Stiftung қоры қаржыландырған Agrichange-Орталық Азияның суармалы егін шаруашылығының жер және еңбек қатынастарындағы институционалдық өзгеріс жобасының орындаушысы;
2020-2022 жылдарға арналған ғылыми және немесе ғылыми-техникалық жобалар бойынша жас ғалымдарды гранттық қаржыландыру конкурсы бойынша AP08053397 «Май қышқылдарының теңдестірілген құрамы бар май өнімдерінің технологиясын әзірлеу» жобасының орындаушысы;
2021-2023 жж. «Мәңгілік ел» ғылыми негіздері (XXI ғасыр білімі, гуманитарлық саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер) бойынша AR09259262 «Астық өнімі қосалқы кешеніндегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік агроөнеркәсіптік кешенді қарқынды дамытудың негізі ретінде» жобасының орындаушысы;
ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің 2021-2023 жылдарға арналған ғылыми, ғылыми және техникалық бағдарламаларды бағдарламалық-мақсатты қаржыландыруға конкурс бойынша BR10764977-«Тамақ өнеркәсібінің дамуын қамтамасыз ету мақсатында тағамдық қоспаларды, ферменттерді, стартерлік дақылдарды, крахмалды, майларды және т.б. өндірудің заманауи технологияларын әзірлеу» жобасының орындаушысы;
2023-2026 жж. ERASMUS-EDU-2022-CBHE-STRAND-2 бағдарламысының «Қазақстанда дуалды оқытумен агроэкология бакалавриат бағдарламасын дамыту» (AgroKaz) жобасының орындаушысы және жауапты хатшысы.
2024 жылдың 22 мамырында Нови-Сад университетінде (Сербия) AGROKAZ жобасы аясында Эразмус+ бағдарламасымен бірге Сербия ауылшаруашылық экономистері қауымдастығы ұйымдастырған «Жасыл күн тәртібі және ауыл шаруашылығы» халықаралық ауылшаруашылық форумында «Көміртегі шаруашылығы – тұрақты ауыл шаруашылығына апаратын жол» тақырыбында баяндама жасады..
Гүлсім Айтхожаева жуырда 2024-2026 жылдарға арналған «Жас ғалым» жобасы аясында АР22683489 «Жерді тұрақты пайдалану тиімділігінің критерийлерін әзірлеу» тақырыбында жаңа жобаны жеңіп алды.
Жобаның негізгі мақсаты: жерді тұрақты пайдалану ұғымының теориялық және практикалық тұжырымдамаларын зерттеу және жерді пайдалануды реттеу механизмін жетілдіру бағыттарын негіздей отырып, тұрақты жер пайдалану тиімділігінің кешенді критерийін әзірлеу.
Жобадан күтілетін нәтижелер: жерді тұрақты пайдалану тиімділігінің кешенді критерийін әзірлеу және зерттелетін аймақта жерді тұрақты пайдалану механизмін қалыптастыру аспектілерін негіздеу.
KazNARU Баспасөз қызметі.