KazNARU мен ШЕТЕЛДІК ҒАЛЫМДАР ОЙСЫЛҚАРА ТҰҚЫМЫН ЖАҚСАРТУДЫ БІРЛЕСЕ ЗЕРТТЕУДЕ
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен шетелдік бір топ ғалымдар түйелердің репродуктивтік қызметінің өзекті мәселелерін тереңірек зерттеп, тиімді шешу мақсатында бірлескен жобаны жүзеге асыруда.
Атап айтқанда, жобаға Біріккен Араб Әмірліктері «Түйелердің репродукциясы орталығының» ғылыми директоры, PhD доктор, профессор Lulu Skidmore, Үндістанның Орталық құрғақ аймақты зерттеу институтының мал шаруашылығы және жайылымдарды басқару бөлімінің басшысы, ғылым докторы, профессор Sumant Vyas, Ресейлік ғалым, биология ғылымдарының докторы, профессор Терлецкий Валерий Павлович қатысуда.
ҚР ҒжБМ гранттық қаржыландыру бойынша қолға алынған «Буаздықты қолдауға байланысты гендердің экспрессиясының профилін зерттеу және дромедар түйелерінде овуляцияны индукциялау үшін OIF қолдану тиімділігін зерттеу» тақырыбындағы жоба жетекшісі – KazNARU профессоры, биология ғылымдарының кандидаты Усенбеков Есенғали Серікұлы.
Зерттеу тобы бүгінгі күні Түркістан облысы, Отырар ауданы «Үсенов М» шаруа қожалығына қарасты Дромедар тұқымды түйелерден қан сарысуының үлгілерін жинау бойынша жұмысты аяқтады, мұнда буаздықтың әр түрлі мерзіміндегі түйелерден бір рет қан алынып, барлығы 12 қансарысуы үлгілері жинақталды. Сонымен қатар, «Меккенбай М» ЖШС-қарасты сауылымдағы 9 бас қысыр түйеден, түйелердің репродуктивтік қызметінде маңызды рөл атқаратын прогестерон және эстрадиол гормондары мөлшерінің динамикасының өзгеруін зерттеу үшін 48 сағат аралықпен қан сарысуы үлгілері жиналды.
Осыған ұқсас жұмыстар Атырау облысы Исатай ауданы, «Салихов Н.З.» жеке қосалқы шаруашылығында жүргізіліп, буаз емес 5 бас Бактриан тұқымды түйе мен 1 бас Дромедар тұқымды түйеден 48 сағат аралықпен қан сарысуы үлгілері алынды.
Жобаны орындаушылар Хизат С., Қойбағаров Қ.У. (Түркістан облысы Отырар ауданында), Туруымбеков А.А., Сахариев Е.С., Усенбеков Е.С. (Атырау облысы Исатай және Махамбет аудандарында) шаруа қожалықтарының, аудан әкімшілігі қызметкерлерінің, ветеринария мамандарының қолдауымен тәжірибелік жұмыстарын сәтті жүргізді.
Осыған орай, жоба жетекшісі Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының Отырар ауданы бойынша филиалының директоры Әбдірахымов Ұлан Бестемірұлына, KazNARU «Ветеринария және мал шаруашылығы» факультетінің түлектері: аудандық ветеринариялық зертханасының директоры Әбдікерім Дінмұхамедке, «Қоғам» ауылдық округінің ветеринария бөлімінің меңгерушісі Бекетов Нұралыға, басқа да түйе өсірушілерге биологиялық сынамаларды алуға көмектескені үшін өз алғысын білдірді.
Сондай-ақ, Исатай ауданында шаруа қожалығының иесі Салихов Нұрлыбек Зейнелғабиденұлының, «Ақ қыстау» ауылдық округінің ветеринария бөлімінің басшысы Салихов Алдабергеннің, Махамбет ауданында ветеринария бөлімінің меңгерушісі Сейғалиев Мұратбектің жан-жақты қолдауының арқасында зерттеу жұмыстары ойдағыдай өтті.
Жобаны жүзеге асыру барысында орындаушылар жергілікті шаруаларға тәжірибелік көмек көрсетті. Мәселен, 2024 жылдың қазан айында Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданындағы «Ару-Ана» шаруа қожалығының көбеюге жарамсыз түйелерін анықтап берді.
Зерттеу тобының жұмысына «Ветеринарлық медицина», «Ветеринариялық акушерлік және гинекология» оқу бағдарламасының студенттері де қатысып, ректалдық зерттеу, УДЗ сканерлеу, түйе күре тамырынан қан үлгілерін алу техникасын меңгеруде тәжірибе жинақтауда.
Айта кетейік, 2025 жылдың 26 ақпан – 7 наурыз аралығында Үндістан мемлекетінен профессор Sumant Vyas Қазақстандық ғалымдарға трансректалдық зерттеу әдісін, інгендердің репродуктивтік органдарына УДЗ сканерлеу жүргізу, буралардан Алматы облысы шаруашылық жағдайында жасанды қынапты қолдана отырып, эякулят алу техникасын үйрету үшін іссапармен келеді деп жоспарланып отыр.
KazNARU Баспасөз қызметі