KazNARU ЖАСТАРЫ «МҰҚАҒАЛИ – МӘҢГІЛІК ҒҰМЫР» ПОЭЗИЯ КЕШІНЕ БЕЛСЕНЕ ҚАТЫСТЫ
Қазақ поэзиясының мұзбалағы атанған Мұқағали Мақатаевтың алдағы 9 ақпан туған күні. Өзінің сыршыл да, шыншыл поэзиясы арқылы қалың оқырманның жүрегінен орын алған ғажайып ақын өлең сүйер қауыммен қазақтың қара өлеңі арқылы тілдесіп сырласады. Бұл оның мәңгілік поэзиясының құдіреті еді. Мақатаевтың өзі де «...қара өлеңі қазақтың құдіретім, онда бір сұмдық сыр бар естілмеген» демей ме?..
2025 жылдың 6 ақпаны күні, ақынның туған күні қарсаңында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты іс-шара өткізілді.
«Инженерлік технологиялар» факультеті ұйымдастырған бұл іс-шараның мақсаты – Мұқағали Мақатаевтың әдеби мұрасын студенттер арасында кеңінен таныту және оның жырлары мен шығармашылығының құндылығын насихаттау арқылы білім алушыларды Отанға, халқына, тілге деген сүйіспеншілік сезімдерін ояту, отаншылдыққа тәрбиелеу.
Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,
Жыр жазсам, жұртым, елеңдестің.
Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев
Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім,- деп ақынның өзі айтқандай, өзі өмірден өтсе де, жалынды өлеңдері өшпей жалғасын тауып келеді.
Үш кезеңнен тұратын қызықты сайыс форматында ұйымдастырылған кешке «Аманат», «Мұзбалақ», «Мұра» атты үш топ қатысты. Олар Мұқағали Мақатаев ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған презентациялар жасап, өлеңдерін талдады. Және қосымша қойылған сұрақтарға жауап беріп, поэзия бағытындағы өздерінің терең білімдерін көрсетті.
Әр кезеңнен кейін қатысушылар мен көрермендер үшін ақынның сөзіне жазылған әндері ұсынылды. Қазақша би, әндер, әсіресе «Аққулар ұйықтағанда» көрінісі мен Сырым Сабыралының орындауындағы «Есіме мен алғайсың» өлеңі кеш қонақтарының көңілінен шықты.
«Инженерлік технологиялар» факультетінің деканы Ләззат Алдибаева, Жастар ісі жөніндегі комитет маманы Әбдіхалық Еркебай, Мұқағали Мақатаевтың ауылдас жерлесі Гаухар Шыңғысова бастаған Қазылар алқасы қатысушылардың білімдері мен өнерлеріне лайықты бағаларын беріп, жеңімпаздарды марапаттады.
Кешті ұйымдастырушылар атынан Деканның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айбоз Жаңабергенқызы іс-шараға қатысқан барлық қатысушылар мен қонақтарға, Мемлекеттік “Дарын” жастар сыйлығының лауреаты Ербол Құдайбергеновке алғыс білдірді.
KazNARU Баспасөз қызметі