KazNARU СТУДЕНТТЕРІН ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНА ҚЫЗМЕТКЕ ШАҚЫРУ ТӘРТІБІ ТҮСІНДІРІЛДІ
Алматы қаласы полиция департаменті Наурызбай ауданы полиция басқармасының тәрбие және кадр жұмыс бойынша бөлімі өкілдері Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің білім алушыларын құқық қорғау органдарына қызметке шақыру мақсатында ақпараттық-түсіндірме жұмысын өткізді.
Іс-шараны «Бизнес және құқық» Жоғары мектебімен бірлесе отырып, университеттің Тәрбие бөлімінің Әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі жетекші маманы Мақсат Иманбеков ұйымдастырды.
Наурызбай аудандық полиция басқармасы бойынша Ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полиция полковнигі Леонид Суханов, аудандық Басқарма бастығының Кадр саясаты жөніндегі орынбасары, полиция полковнигі Фархат Сбанбаев, аудандық Жергілікті полиция қызметі бөлімінің ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Назым Қанағатова, басқарманың Кадр бөлімінің бастығы, полиция капитаны Дәулет Жақсыбек студенттер алдында сөз сөйлеп, құқық қорғау органдарының қызметін таныстырды.
Атап айтқанда, құқық қорғау органдары лауазымдарындағы мемлекеттік қызметтердің ерекше түрлері; құқық қорғау органы жүйесінде лауазымдарға орналасу тәртібі; үміткер азаматтарға қойылар біліктілік талаптары мен кәсіптік даярлық деңгейінің сәйкестігін айқындау; кадр резерві – кейіннен оларды ұсыну үшін қалыптастырылған, деректері жүйеленген тізімге енгізілген тұлғалар және басқа ережелер түсіндірілді.
Спикерлер өз сөздерінде отандық құқық қорғау жүйесіндегі кейінгі жылдардағы реформалаудың бағыттарын, қоғамдық тәртіпті күшейтудегі халықаралық тәжірибелерден нақты мысалдар келтіріре отырып, қызықты әңгіме өрбітті. Сондай-ақ, жастар арасындағы құқық бұзушылықтарды болдырмау, қылмыстың алдын-алу шараларын күшейту, есірткі заттарын қолдануға тосқауыл қою және алаяқтыққа қарсы күресті жүйелі жүргізу, жасөспірімдердің азаматтық және саяси құқықтарын сақтай білуге назар аударуы қажет екендігіне кеңінен тоқталды.
Жиынға қатысқан студенттер де өздерінің тарапынан құқық қорғау мамандығына қатысты түрлі сұрақтар қойып, оларға нақты жауаптар алды. Полиция өкілдері университет бітірушілерді құқық қорғау органдарына қызметке орналасуға шақырды.
Кездесу соңында «Бизнес және құқық» Жоғары мектебінің деканы Динара Ажинурина құқық қорғау органдарының қызметі туралы әсерлі әңгіме өткізгендері үшін қонақтарға алғыс білдірді.
KazNARU Баспасөз қызметі