«ҒАСЫРДАН АСЫП ТУҒАН МҰҚАҒАЛИ!»
Алты алашқа есімі мәшһүр, халқының сүйіспеншілігіне бөленген ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде барлық факультеттердің қатысуымен кеңінен атап өтілді.
Бүгін осы дәстүрді жалғастырған «Бизнес және құқық» Жоғары мектебінің ұйымдастыруымен Бас ғимараттың Акт залында Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Ғасырдан асып туған Мұқағали!» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Кеш барысында студенттер ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған поэтикалық композициялар көрсетіп, тұманың тұнық суындай әсем жырларын тебірене оқып, ақын сөзіне жазылған әндерді орындау арқылы көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Маңызды іс-шараға ақынның ұлы Мақатаев Жұлдыз Мұқағалиұлы және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Мұқағали» журналының бас редакторы, журналист Дүйсен Мағлұмов қатысып, жылы естеліктерімен бөлісіп, ақын шығармашылығының қазақ әдебиетіндегі орны туралы ойларын ортаға салды.
Жұлдыз Мұқағалиұлының айтуынша, Хан Тәңірінің баурайындағы Қарасаз ауылында дүниеге келген ақынның азан шақырып қойылған аты — Мұхаммедқали екен. Әкесі Сүлеймен қарапайым шаруа иесі, 1941 жылы Калиниград майданында қаза табады. Анасы Нағиман Батанқызы үй шаруасындағы жан болғандықтан, үйдің тұңғышы Мұқағалиды әжесі Тиын бағып-қағып өсіреді. Есейген шағында Мұқағали жары Лашынмен отау құрып, Ләззат, Майгүл, Жұлдыз, Айбар, Алмагүл, Шолпан есімді балалары дүниеге келеді.
Мұқағали ақын біраз уақыт Ауылдық кеңестің хатшысы болып қызмет істейді, содан кейін мектепте орыс тілінен сабақ береді, аудандық газетте тілші болады. Өлең жазуды 14 жасында бастаған ол ауылда жүріп, үлкен әдеби ортаны аңсайды. «Иә, мен әдебиетті жақсы көремін. Мен үшін одан биік ештеңе жоқ» деп әдебиетті шексіз сүйетінін өзінің бір естелігінде сыр ғып айтқан болатын. 1962 жылдың жаз айында Алматыға келіп, «Мәдениет және тұрмыс» журналына қызметке тұрады.
Сөйтіп, ақынның қиын да, қызықты шығармашылық ғұмыры басталады. Мәңгі өлмес поэзиясы арқылы оның рухы туған халқымен бірге өмір сүріп келеді.
Кешті ұйымдастырушылар атынан «Бизнес және құқық» Жоғары мектебінің деканы Динара Ажинурина құрметті қонақтарға терең мағналы естеліктері үшін алғыс білдіріп, сый-сияпат көрсетті.
KazNARU Баспасөз қызметі