KazNARU

ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМ МЕН ЛАҢКЕСТІКТІҢ АЛДЫН-АЛУ ЖОЛДАРЫ

✅ 2025 жылғы 12 ақпанда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде Тәрбие жұмыс жөніндегі Департаменті мен Алматы қаласы Дін істер жөніндегі басқармасы бірлесе отырып, студент жастар арасында діни экстремизм мен лаңкестіктің алдын алу шараларын жүргізу бойынша арнайы дәріс өткізді.

✅ Қазіргі таңда діни экстремизм мен терроризм – әлемнің бірқатар елінде дертке айналған ең күрделі проблемалардың бірі. Кез-келген мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін мұндай діни негіздегі әртүрлі құқық бұзушылықтардың іс-әрекетіне, дін атын жамылған теріс пиғылды түрлі ағымдарға тосқауыл қою – тұтас қоғамның міндеті. Діни экстремизммен күресу – баршаның бірлескен күш-жігерін талап ететін ұзақ және күрделі процесс.

✅ Іс-шараға Ақпараттық түсіндірме тобының мүшесі, дінтанушы магистр Сұлтан Абдрахманов, студенттік омбудсмен Назерке Күзен, деканның тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, Жастар ісі жөніндегі комитет мамандары, академиялық топ кураторлары мен студент жастар қатысты.

Кездесудің модераторы – ҚазҰАЗУ әлеуметтік-құқықтық жұмыс бойынша жетекші маман – Максат Иманбеков.

✅ Алматы қаласы ақпараттық-түсіндіру топ мүшелері жастардың қоғамдағы жат көріністерді тани білу сауаттылығын қалыптастыру, деструктивті діни ағымдар мен экстремистік идеяларды таратушылардың ықпалына түсіп кетуден сақтандыру, олардың алдын алу жолдары туралы сөз қозғады.

«Діни экстремизм кездейсоқ құбылыс емес және оның пайда болуының объективті себептері бар. Олар: діни, саяси, психологиялық, әлеуметтік-экономикалық дағдарыстар, технологиялық, ақпараттық, саяси құрылымдардың деформациясы. Экстремизмнің алдын алу және тосқауыл қою арқылы қоғамның қауіпсіздігін, тұрақтылығын және елдің бейбіт түрде дамуын қамтамасыз ете аламыз. Бұндай шаралар жастар арасында тәрбие берумен ұштастырыла отырып, кешенді түрде жүргізілуі тиіс», - дейді дінтанушы магистр Сұлтан Абдрахманов.

✅ Бұдан кейін білім алушылардың назарына талқыланған тақырып бойынша презентациялар мен бейнероликтер ұсынылды. Сонымен қатар, лаңкестік әрекеттерді насихаттайтын аудио, бейнежазбалар мен мәтіндік ақпараттарды әлеуметтік желілерде таратудың жауапкершілігі түсіндірілді. Қатысушылар тарапынан қойылған түрлі сұрақтарға жауаптар берілді.

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник