KazNARU

KazNARU ҒЫЛЫМИ КЕҢЕСІ УНИВЕРСИТЕТТІҢ 2024 ЖЫЛҒЫ ЖҰМЫСЫН ҚОРТЫНДЫЛАП, ЖАҢА КЕЗЕҢДЕГІ МІНДЕТТЕРДІ БЕЛГІЛЕДІ

✅ 2025 жылдың 13 ақпанында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің кезекті кеңейтілген Ғылыми кеңес отырысы 2024 жылы жүргізілген ғылыми жұмыстардың нәтижесін бекітіп, алдағы дамудың бағыттарын белгіледі.

✅ Ғылыми кеңестің төрағасы, KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректор, ҚР Президенті жанындағы ҰҒА Президенті, академик Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы қол жеткізген жетістіктер мен кемшіліктердің ашық талқылануын және оқу ордасын дамытудың басымдықтары мен оларды шешу жолдарын бірлесе айқындауды ұсынды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылғы 03 қаңтардағы «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты кең көлемді сұхбатында әлеуметтік-экономикалық, руханият, ғылым-білім саласында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылғанын дәйектеп берген болатын. Бүгін Қазақ университетімізде жүргізіліп жатқан ғылыми жұмыстардың бағытын, ондағы туындап отырған мәселелер мен шешу жолдарын ашық талқылауға шақырамын. Өздеріңіз білесіздер, өткен жылы Университеттің 2029 жылға дейінгі Даму бағдарламасы әзірленіп, Үкімет қолдауымен бекітілді. Бағдарлама аясында біздің ғалымдарымыздың қатысуымен 2,3 млрд. теңге көлеміндегі 63 ғылыми жоба жүргізіледі, соның 84%-ы (53 жоба) гранттық қаржыландыру арқылы жүзеге асырылуда. Оның бүгінгі нәтижелері қандай?» деген сұрақ университеттегі барлық ғалым-зертеушілерді ойландырады», - деді Ақылбек Қажығұлұлы.

✅ Күн тәртібінде қаралған «Университетте 2024 жылы жүргізілген ғылыми жұмыстардың нәтижелері және алдағы даму бағыты туралы» Ғылым департаментінің директоры Султанов Ахметжан Ақиұлы баяндап берді.

Ол өз сөзінде бағдарламалы-нысаналы қаржыландыру бойынша өткен жылы 10 жобаның 4-уі сенімгерлік басқарудағы ҒЗИ еншісінде, және 5 жоба басқа да ҒЗИ, ЖОО-лармен бірлесіп жүргізіледі. Университетке сенімгерлікке берілген 4 ғылыми-зерттеу институттарында ғылыми жобаларды қаржыландыру жыл сайын өсіп келеді. Қазіргі уақытта оларда 16 млрд. теңге көлемінде ғылыми жобалар орындалуда. Ғылыми қызметтен түсетін қаржынының көлемі бір профессор-оқытушының басына шаққанда 5,0 млн.теңгені құрайды.

Сондай-ақ, ғылыми жұмыстардың нәтижелерін коммерцияландыру бойынша университет жалпы сомасы 1,0 млрд. теңге құрайтын 3 жоба ұтып алды, ал ғылыми-зерттеу институттары 1,6 млрд. теңге сомасында 15 коммерцияландыру жобаларын орындайды. Шаруашылықтармен келісім шарт арқылы және Extension Service бойынша соңғы екі жылда университетке орта есеппен 90 млн. теңге. көлемінде қаражат келіп түсті.

✅ «Осы жерде айта кету керек, соңғы 3 жылда университет ғалымдары әртүрлі конкурстарға 199 жоба ұсынды, соның тек 51-і, яғни 26%-ы ғана Ұлттық ғылыми кеңестермен мақұлданды. Мысалы, 2024 жылы: гранттық қаржыландыру конкурсына 38 жоба берілген болса, соның 10-ы, яғни 26% -ы ғана мақұлданды, жас ғалымдарды гранттық қаржыландыру конкурсына 6 өтінім берілді, бірді-бір мақұлданған жоба болмады. Бұл өте аз. Біз уақыт талабын лайықты қабыл алып, осы бағыттағы жұмысты одан әрі жаңғырту бойынша міндеттерді орындаудан басқа жол жоқ деп ойлаймыз», - деді Ахметжан Ақиұлы.

Бұл мәселені шешу үшін ағымдағы жылдан бастап ғылыми жобаларды сараптамадан өткізу, яғни жобаларды әзірлеу мен өтінім беру реттілігі туралы рәсім дайындалып, конкурстарға беріліп жатқан жобаларды тексеру жұмыстары қолға алынды. Университет шеңберіңде мега-проекттер «Форсайт жобаларын» әзірлеу, гранттық, бағдарламалы-нысаналы қаржыландыру жобаларын жыл бойы дайындау жүйелі түрде жүргізіледі.

Баяндамашы ғылыми нәтижелерді өндіріске енгізу жұмыстары қажетті деңгейде жүргізілмейтінін және оның себептерін атады.

Біріншіден, көптеген ғылыми жұмыстар зертханалық әзірлемелермен ғана шектеліп, өндіріске жетпеген күйінде қалып жатыр.

Екіншіден, қаржы тек жобаны орындауға бөлінеді, оны ары қарай өндіріске енгізу үшін қайтадан конкурсқа қатысу керек. Сондықтан, көптеген ғалымдар тек жобаны орындаумен ғана шектеледі. Осы жерде сұрақ туындайды, кім оларды өндіріске енгізу керек?

Үшіншіден, көптеген жобалар өндіріске енгізетін дәрежеде орындалмайды. Ғылыми есептері сөреде шаң болып жатыр.

Сондықтан ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізу ғалымдардың алдына қойылған үлкен жауапкершілікті талап етеді.

✅ Кеңес барысында профессор-оқытушы қауымның Scopus және Web of Science деректер базаларында жарық көрген мақалаларының саны өте аз екені айтылды. Екі оқытушыға 1 мақаладан ғана келеді. Осы жұмысты жаңдандыру үшін ғылыми жобалардың сапасын жақсарту және ЖОО рейтингісінің шеңберінде профессор-оқытушы қауымға ынталандыру тетіктерін күшейту қажет.

Университетің халықаралық білім беру ұйымдарымен байланысы да артып келеді. 2024 жылы университет ғалымдары 40 мемлекеттен 174 ғалымдармен әріптестік орнатты. Бірақ ғылымға келгенде, тек Қытай мемлекетімен 2 ғана ғылыми жоба орындалады.

✅ Университет Ланьжоу университетімен бірлесіп ғылыми жоба шеңберінде «Қазақстан-Қытай ақылды ауыл шаруашылығы орталығын құру туралы» келісімге қол қойған. Соның нәтижесінде ашылатын орталық құрамына 6 платформа мен зертханалар кіреді. Қытай тарапынан жоспарланған инвестиция мөлшері 7,7 млн. АҚШ долларын (4,0 млрд. тенге) құрайды. Осы тәжірибені басқа да халықаралық әріптестермен де іске асыру бойынша жүйелі түрде жұмыстар жүргізу керек.

✅ Күн тәртібінде қаралған аса маңызды мәселенің бірі – Университеттегі әлеуметтік-тәрбие жұмыстарының нәтижесі және алдағы уақыттағы жоспары. Бұл туралы Тәрбие жұмыстары жөніндегі департамент директоры Асима Ералиева баяндама жасады.

«Жастардың тәрбиесі, олардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру – бүгінгі күннің басты талабы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында жастар тәрбиесіне қатысты «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» идеясын ұсынды. Біз күнделікті өз жұмысымызда, Әділетті университет құру бағытында осы маңызды идеологиялық тұжырымдар мен ұлттық құндылықтарды басшылыққа аламыз. Сондай-ақ, Университеттегі тәрбие жұмысының әдіснамасы Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасы негізінде жүргізіліп келеді», - деді Асима Шанбайқызы.

✅ Аталған әдістемелік ұсынымда тәрбие процесіндегі оқытушы, кафедра, деканат, жастар саясаты, тәрбие басқармасының рөлі мен негізгі міндеттері нақты айқындалған. Атап айтқанда: ЖОО оқытушысы өзінің жұмысына және қоғамға деген көзқарасымен, жоғары кәсібилігімен, білгірлігімен, өз өнегесімен, шығармашылығымен студенттік ортада ізгі қасиеттердің қалыптасуына ықпал етеді. Тәрбие жұмысын жүзеге асыратын және ұйымдастырылуын қадағалайтын Департамент пен деканат, болашақ маман тұлғасының рухани-адамгершілік және кәсіби дамуына ықпал жасайтын кафедра басшылары оқу ордамызда оқитын әрбір студенттің тәрбиесін назарда ұстайды.

Алайда, профессор-оқытушы құрамы арасында корпоративтік этиканы сақтамайтын әріптестеріміз де кездесіп қалады. Бұл ащы болса да шындық. Оқытушылар университет айнасы, студент жастардың оқу ордамыз туралы пікірі әрбір оқытушының қарым-қатынасына көп байланысты. Сондықтан, студенттерге тәрбие беріп, өнеге көрсетуде, дұрыс бағыт-бағдар беруде оқытушылардың орны ерекше екенін есте ұстаған жөн.

✅ Осы мәселеге қатысты университет басшысы өз ұсынысын білдірді. «Тәртіп болған жерде тәрбие бар, ал тәрбиелі оқытушылар ең алдымен өз ісімен, мінезімен көрсете білуі керек. Бұл – әділетті университеттің бұлжымас қағидаты. Осыған байланысты Кураторлық мектепті қалыптастыруды ұсынамын. Факультеттерде аптасына бір рет кураторлық сабақ өткізілуі қажет», - деді Ақылбек Қажығұлұлы.

✅ 2024-2025 оқу жылында біздің университетте жатақханадан орын бөлу бірінші рет цифрлық негізде «Платонус» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы жүргізілді. Білім алушы онлайн түрде өтінім береді, өтінім мақұлданғаннан кейін автоматты түрде орын бөлініп, бөлмесіне орналасады. Бұл жатақханадан орын бөлудің ашықтығы мен әділдігіне қол жеткізіп отыр.

Өткен жылдың соңында тәуелсіз «AQYL ALEM» компаниясының жүргізген әлеуметтік зерттеуі бойынша, Қазақстанның тек 3 жоғары оқу орны – Nazarbayev University, КИМЭП Университеті және KazNARU ғана білім беру, тәрбие сапасы және жатақханамен қамтамасыз ету жөнінде ең озық деп танылды. Бұл студенттер тарапынан берілген оң баға ғана емес, үлкен сенім.

✅ «Цифрлық үкімет» порталының «Бір терезе» қағидатын жүзеге асыру мақсатында барлық студенттік ұйымдар мен клубтар туралы мәлімет «Платонус» жүйесіне енгізілді. Осыған орай, университет басшысы алдағы уақытта өткізілетін іс-шараларды «Платонус» жүйесіне енгізу арқылы тәрбие жұмысына мониторинг жасап отыруды тапсырды.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 4 қаңтардағы бұйрығы негізінде, білім алушылардың әлеуметтік және спорттық құзыреттіліктерін бағалау (әлеуметтік GPA) жүйесіне енгізілді. Бұл №2 бұйрығымен бекітілген әдістемелік ұсынымдарда бекітілген. Бұл бітіруші түлектің кәсіби біліктклігімен бірге азаматтық ұстанымы жоғары болуға жетелейтін басты қөрсеткіштердің бірі.

✅ Тәрбие саласында нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және агрессия, вандализм, ысырапшылдықпен күресу және олардың алдын-алу бағытындағы жұмыстар топ кураторларының жоспарына енгізілді. Қазіргі таңда университеттің екі психолог жұмыс жасайды және студенттерге психологиялық қолдау көрсетеді. Мысалы, 2023-2024 оқу жылының 7 айында психологиялық кеңес алуға 17 студент келсе, 2024-2025 оқу жылының 5 айында 54-ке жетті. Оның ішінде, сабақтан себепсіз жиі қалатын 13 студентпен жеке консультация жүргізіліп, ата-аналарымен байланыс жасалынды.

Психологиялық саулықтың маңыздылығына орай, биылдан бастап «Менталды денсаулық» декадасы қолға алынды. Декада аясында тренингтер, семинарлар, арт-терапия ойындары, кездесулер кураторлармен бірлесе кесте бойынша өткізілуде. Студенттердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында клубтар мен үйірмелер, ән- би топтары жұмыс жасайды. Өнерлі жастарымыз республикалық, қалалық конкурстарда, атап айтсақ, «Жаңа белес-2024» фестивалінде студенттеріміз «Ең үздік топ», «Ең үздік студенттік өзін-өзі басқару ұйымы», «Ең үздік студент» аталымдары бойынша жеңіс тұғырынан көрініп жүр.

✅ Ерекше айта кететін жайт, университетімізде шетелдік білім алушылардың саны жылдан-жылға артуда. Қазір 200-дей студент оқиды. Оларды жаңа ортаға бейімдеу, психологиялық-педагогикалық қолдау, университеттің мәдени өміріне тарту жұмысы да тәрбие үшін жауапты тұлғаларға жаңа міндеттер жүктейді.

✅ Жиын барысында Басқарма Төрағасы - Ректордың орынбасары Абдыров Айтжан Мухамеджанұлы университет білім алушыларының қысқы сессия қорытындысы бойынша ақпаратпен бөлісті. Жұмыс үдерісінде кеткен кемшіліктердің алдын-алу үшін білім алушылармен және ПОҚ құрамымен жүйелі түрде жұмыс жүргізуді күшейту қажеттігіне назар аударылды. Кеңес мүшелері басқа да мәселелерді талқылады.

✅ Жарсысөзге шығып, пікір қосқан Ғылыми кеңес мүшелері, профессорлар: Мадиев Г.Р., Айтпаев Т.Е., Бастаубаева Ш.О., Омбаев А.М., Сандыбаев Н. Т., т.б. ғалымдар университетте жасалынып жатқан ғылыми-зерттеу ізденістері мен нәтижелерің жоғары бағалап, өз ризашылықтарын білдірді. Олар университет пен 4 ҒЗИ және бір тәжірибелік шаруашылықтың интеграциялануы – зерттеу университетінің қазіргі заманғы жаңа: «ғылым – білім – өндіріс» жүйесін қалыптастырғанын ерекше атап өтті.

✅ Ғылыми кеңестің жұмысын қортындылай келе, Ақылбек Күрішбаев университеттің ғылыми жұмысын жандандыру бағытында көптеген мәселерді шешу жолдарын жаңаша қарастыруды, Ұлттық және QS рейтингтерін жақсарту үшін ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасын арттыруды, жаңа технологияларды енгізу және оқу бағдарламаларын заманауи талаптарға сай әзірлеу барысында Ғылыми кеңес қабылдаған тиісті шешімдерді басшылыққа алуды тапсырды.

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник