KazNARU ӘСКЕРИ КАФЕДРАСЫ АУҒАН СОҒЫСЫ АРДАГЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ҰЙЫМДАСТЫРДЫ
Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің Ауған жерінен шығарылуының 36 жылдығына орай және студент жастарды әскери-патриоттық сезімде тәрбиелеу мақсатында, KazNARU Әскери кафедрасының ұйымдастырумен іс-шара өткізілді.
Оған Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары Ибрагимов П.Ш. және Ауған соғысының ардагерлері – отставкадағы полковниктер Жалилов Т.М., Поморцев В.В., Әскери кафедраның бастығы, запастағы полковник Әділбеков Е.Қ. кафедраның профессор-оқытушылар құрамы және офицерлік, сержанттық курста оқып жүрген студенттер қатысты.
«10 жылға жуық қарулы қақтығыстан кейін, 1989 жылы Ауғанстан жерінен шығарылған кеңестік әскери бөлімдердің қатарында Қазақстаннан 21 мыңнан астам адам қатысқаны белгілі. Олардың тоғыз жүзден астамы қан майданнан елге оралмады. Әлі күнге дейін із-түзсіз жоғалған сарбаздар да бар. Бүгінде ортамызда аман-сау жүрген ардагерлемізге құрмет көрсету кейінгі буынның ізгі борышы. Еліміздің тыныштығын қорғайтын Қарулы күштердің қатарын толықтыратын сіздердей жас ұрпақ аман болсын!», - деді алғы сөзінде Пірімқұл Ибрагимов.
Іс-шараға қатысушылар соғыста қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Әскери кафедраның офицерлері мен курсанттары әскери шеру өткізді. Жауынгерлік машыққа үйренушілер пневматикалық мылтық ату, АК-74 автоматын шашып-жинау, жалпыәскери қорғаныс жаттығулыарын орындау бойынша жарысқа түсті. Үздік нәтиже көрсеткен студенттер университет басшылыары тарапынан марапатталды.
Ауған соғысының ардагерлері бастан кешкен қиындығы мен қасіреті мол ауыр кезеңдерді еске алып, жауынгерлік тапсырмаларды қалай орындағандарын, әртүрлі ұлттан құралған әскери құрамның көрсеткен ерлік істері туралы айтып берді.
Бұдан кейін Әскери кафедраның профессор-оқытушылар құрамы және студенттері 28 гвардияшы панфиловшылар саябағындағы Ауғанстан жерінде қайтыс болған қазақстандық жауынгерлердің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, офицерлер үйіндегі «Жауынгерлік ерлік» мұражайына барды.
KazNARU Баспасөз қызметі