АЛМАТЫДА ПРЕЗИДЕНТ ЖАНЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ АҚЫЛБЕК КҮРІШБАЕВ ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ ХАНЬ ЧУНЬЛИНМЕН КЕЗДЕСТІ.
18.02.2025 Ж.
Эльвира Серікқызы
Алматыда Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлинмен кездесті.
Кездесуге ҚХР Алматыдағы бас консулы Цзян Вэй, ғылым және білім жөніндегі консул Чжан Вэй, ғылыми зерттеу орталықтарының жетекшілері, ғалымдар қатысты.
Екі ел ғалымдары Чжэцзян технологиялық университеті, ҚХР жоғары технологиялық компаниялар тобымен бірлесіп ашылған «Қазақстан-Қытай ғылым және технологияны трансферлеу орталығының» жұмысымен танысып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін арттыру, суды үнемдеу технологияларын дамытуға байланысты жобаларды талқылады.
Тараптар мұнымен қоса Чжэцзян технологиялық университетімен келісімге орай ашылатын «Кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект және тұрақты даму жөніндегі халықаралық бірлескен зертхананың» жобасымен танысып, жасанды интеллект және геоақпараттық жүйелер технологияларын қолдану арқылы су ресурстарын мониторинг жасау, табиғат апаттарының алдын алу, ауыл шаруашылығын цифрландыру және «ақылды егіншілік» технологияларын енгізудің өзектілігін атап өтті.
Хань Чуньлин мырза Қытай аграрлық университеті мен «Dayu Irrigation Group» компаниясымен бірлесіп құрылған «Құрғақ аймақтарда суды тиімді пайдалану бойынша Қазақстан-Қытай халықаралық зертханасының», Ланьжоу университетімен бірлесіп ашылған «Ақылды ауыл шаруашылығы орталығының» жұмыстарымен де танысты.
Қазақстан ғалымдары кейінгі екі жылдың ішінде Қытайдың ғалымдары және компанияларымен бірлесіп, бірнеше орталық, зертхана ашты. Соның бірі – Қытай ауылшаруашылық университеті және «Eavision» компаниясымен бірлескен Қазақстан-Қытай ауылшаруашылық дрондарын басқару бойынша зерттеулер мен оқыту орталығы.
ҰҒА президенті А.Күрішбаев бұл бастамалардың болашақта агросаланы дамытып, су ресурстарын басқару және бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, жаңа технологиялар трансфертін жүзеге асыруға, бәсекеге қабілетті мамандарды бірлесе даярлауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Өз кезегінде ҚХР елшісі Хань Чуньлин мырза екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытудағы оң нышандарға тоқталып, ғылым-білім беру орталықтары арасындағы байланыстарды тереңдету, Қытай технологиясын Қазақстанға енгізу арқылы ауыл, су шаруашылығын дамыту, экологиялық таза өнім алуға қатысты жобалардың іске асатындығына сенім білдірді.
Кездесу барысында Чжэцзян технологиялық университетімен жасанды интеллект саласындағы кадрларды даярлау жөніндегі Халықаралық институтын ашу мәселесі талқыланды.