KazNARU БАЗАСЫНДА ЕСЕПТЕН ЗАҢСЫЗ ШЫҒАРЫЛҒАН АКТИВТЕРДІ ҚАЙТАРУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
2025 жылдың 21 ақпанында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде «AMANAT» партиясының жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық кеңестің кезектен тыс отырысы болып, кезінде есептен заңсыз шығарылған университет активтерін мемлекет меншігіне қайтару мәселесі талқыланды.
Отырысқа ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясының жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық кеңестің төрағасы Саиров Ерлан Бияхметұлы, мемлекеттік органдардың өкілдері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат саласындағы сарапшылар, қоғам қайраткерлері мен партия мүшелері қатысты.
Талқылау барысында университет активтерінің ағымдағы жай-күйі туралы деректер, жекешелендіру барысында анықталған құқық бұзушылық фактілері, сондай-ақ мүлікті мемлекетке қайтарудың ықтимал тетіктері ұсынылды.
«Бүгін осы Алматы аграрлық университетіне келіп отырған мақсатымыз біреу, - деді Ерлан Сайыров өз сөзінде. – 2000-шы жылдардың басында мемлекетке қарасты жер телімдері мен осы университеттің меншігіндегі ғимараттарды талан-таражға салу фактілері орын алған. Оның ішінде 3 жатақхана, 5 зертхана нысандары, университет кешені аумағындағы 6 гектар жер телімдері жеке қолға өтіп кеткен. Қазіргі таңда бұл мәселе бойынша «AMANAT» партиясы фракциясы, Бас прокуратура, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің қызметкерлері бірлесе тексеру жұмыстарымен айналысып жатыр. Біздің басты талабымыз – осы аталған нысандардың барлығын мемлекет меншігіне қайтару. Бүгін осы мәселеге қатысты құзырлы органдардың өкілдері де өздерінің нақты ұсыныстарын айтуға келіп отыр. Әңгіме ашық болсын».
Бұдан кейін KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректордың Бірінші орынбасары Ибрагимов Пірімқұл Шолпанқұлұлы кеңес мүшелеріне 95 жылдық тарихы бар оқу ордасында болған мүлікті заңсыз жекеге беру фактілері мен активтердің кері қайтарылуы жайында толық баяндап берді.
«AMANAT» партиясының Қазақ ұлттық аграрлық зертету университетіндегі иеліктен шығарылып, жеке қолға заңсыз өтіп кеткен жылжымайтын мүлік нысандары мен активтерін қайтару туралы бастамасы өте орынды талап. Бұл жөнінде осыдан 2 жыл бұрын Прокуратура университет аумағында орналасқан әкімшілік-шаруашылық ғимараттарының, гараждар мен жер учаскелерінің, оқу сыныптарының қолды боп кетуіне байланысты іс қозғаған болатын. Ал университет аумағындағы жер телімдері «Ирида Инвест» ЖШС және «РАМС-Қазақстан» ЖШС сияқты қаржылық алпауыттардың арасындағы пайда табу көзіне айналғанын профессор-оқытушылар қауымын да қатты алаңдатқан болатын. Сондықтан, олар бұрынғы стадион жерінде салына бастаған көп пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысының заңдылығын тексеруді сұрап, «AMANAT» партиясына, БАҚ құралдарына шыққан еді. Сіздердің араласуларыңызбен қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылды. Алайда, осы активтерді унверстетке қайтару мәселесі созылып кетті. Университет ұжымы бүгінгі жиыннан кейін құзырлы органдардың араласуымен тиісті шаралар нақты жүзеге асырылады деп сенеді», - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.
Сонымен қатар, П.Ибрагимов еліміздегі аграрлық саладағы жетекші оқу ордасы саналатын университетте бүгінде 7 мың білім алушы оқитынын, алдағы уақытта Даму бағдарламасы бойынша олардың қатарын 10 мыңға жеткізу жоспарланып отырғанын еске салды. Сондықтан, білім алушылар үшін жаңа жатақхана мен оқу корпустарын салу мәселесі бірінші кезекте болмақ.
Өркениетті елдердегі сияқты Студент қалашығы өз алдына жеке орналасуы тиіс. Ал, университет аумағында бөгде нысандардың орналасуы – жастардың тәрбие мәселесіне де кері әсерін тигізетіні жасырын емес. Мысалы, Кезінде «Шаһ» атты мейрамхана мен офис ретінде жеке кәсіпкерге қызмет жасап келген №3 студенттік жатақхана кері қайтарылып, толықтай күрделі жөндеуден өткізілді. №6 студенттік жатақхана да тұрғын үй қорына қайтарылып, қосымша 280 студент баспаналы болды. Мұндай ауқымды жөндеу жұмыстары соңғы 20 жылда жүргізілмеген. «Ритм Строй ЭК» ЖШС қолдауымен тұрғын бөлмелер, ас үйлер мен дәліздер, тазалық орындары жаңаша дизайнмен өрнектелді, қажетті жиһаздар, мұздатқыштар, кір жуғыш машиналары мен газ плиткалары қойылды.
Тағы бір үлкен жаңалық – «Қазақ-Строй» ЖШС-мен ынтымақтастық шарт негізінде 9 қабатты, 450 орындық жаңа студенттік жатақхананың құрылысы жүріп жатыр. Студенттер үшін Медициналық орталық тұрғызылмақ. Осындай нақты істердің нәтижесінде, ҚазҰАЗУ Алматы қаласында өз студенттерін жатақханамен толық қамтамасыз еткен жалғыз университет атанды.
Алайда, болашақта студент саны өсетіндіктен, қосымша жатақханаларға қажеттілік те өседі. Университет басшылығының айтуынша, инвесторлар көмек қолын созуға дайын. Ол үшін нысандар салатын жер телімдері қажет.
Жиында ой-пікір қосқан профессорлар мен академиктер, студент жастар бұл өзекті мәселенің құқық қорғау органдарымен бірлесіп, оң шешілетініне сенім білдірді.
Кеңес мүшелері мемлекеттік активтерді қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес «AMANAT» партиясының басымдықтарының бірі екенін атап өтіп, KazNARU активтерін мемлекет меншігіне қайтару бойынша нақты шаралар белгіленді. Атап айтқанда, құзырлы органдарға:
Активтерді беруге байланысты құқықтық жағдайға егжей-тегжейлі талдау жүргізу;
Мүлікті қайтару процесіне қоғамдық бақылауды күшейту;
Осы мәселенің тезірек қаралуын қамтамасыз ету үшін құзыретті органдарға жүгіну;
Стратегиялық маңызды активтерді заңсыз иеліктен қорғаудың қосымша тетіктерін әзірлеу тапсырылды.
Сонымен қатар, Ерлан Сайыров қортынды сөзінде университет мүліктерінің жекешеленіп кетуіне мүмкіндік берген азаматтарды анықтап, жауапкершілікке тарту мәселесін де ұсынды.
Алдағы уақытта «AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық кеңестің мүшелері және қоғамдық белсенділердің қатысуымен арнайы Комиссия құрылатын болды. Комиссия әрбір 1,5 айда профессор-оқытушылар құрамы мен студенттерге әділдікті қалпына келтіруге бағытталған жұмыстардың нәтижесі туралы есеп беріп отыратын болады.
KazNARU Баспасөз қызметі